
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында профилактикалық іс-шара өтті. Іс-шараға интернатура деканатының білім алушылары мен академия қызметкерлері қатысты. Кездесудің мақсаты жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ есірткі қылмыстарының қоғамға тигізетін зардаптары туралы кеңінен ақпарат беру болды. Іс-шараға Көліктегі полиция департаменті Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасы есірткі қылмыстарына қарсы күрес бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Еркебұлан Жолтабаров қатысып, жастар арасында кеңінен таралып жатқан синтетикалық есірткілердің зияны, олардың адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін ауыр зардаптары туралы жан-жақты айтып өтті. Сонымен қатар, ол есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және таратудың қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. Кездесу барысында қатысушылар есірткіге қарсы күрестің маңыздылығы жөнінде пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Іс-шара соңында студенттерге зиянды әдеттерден аулақ болып, білім мен кәсіби дамуды басты мақсат ету қажеттігі айтылды. Мұндай тағылымды кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.