
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Азиялық Ғылым Академиясының академигі, Халықаралық Ғылым Академиясы Әзірбайжан секциясының академигі, фармация ғылымдарының докторы, профессор Баян Ахметқызы Сағындықованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Фармация мамандығына адалдық» атты конференция мен «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық студенттік олимпиаданың басталғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Бүгін осы іс-шараның салтанатты бөлімі өтті. «ОҚМА» АҚ дара құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі Сейтжанов Серікжан Сейтжанұлы профессор Баян Ахметқызын мерейлі жасымен құттықтап, оның еліміздің фармация ғылымын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. Оқу орнының ректоры Жанна Сейтжанова профессордың ұзақ жылдар бойы атқарған ғылыми-педагогикалық еңбегін, фармацевтикалық білім беру саласын дамытудағы жетекші рөлін ерекше құрметпен жеткізді.

Мұнан кейін сөз кезегін оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы жалғастырып, Баян Ахметқызының 300-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы екенін, халықаралық рецензияланатын журналдарда 10 ғылыми мақаласы жарияланғанын, 20-дан астам патентке ие болғанын атап өтті. Сонымен қатар, профессордың жетекшілігімен 6 кандидаттық, 2 PhD диссертация қорғалып, тағы 2 диссертациялық жұмыс дайындалып жатқанын, сондай-ақ 25-тен астам магистрлік зерттеу жұмысы табысты қорғалғанын баяндады.
Еліміздің әр өңірінен және шетелдерден Баян Сағындықованы құттықтауға арнайы келген әріптестері мен шәкірттері де өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара барысында «Фармация» білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық студенттік олимпиаданың нәтижесі жарияланды. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды 3 команда жеңіп алды. Олар С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттерінен құралған «PHARM VISION», И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы студенттерінен құралған «STERN.KG» командасы және Фармацевтикалық білім және зерттеулер институтының студенттерінен құралған «Remedium» командасы.
ІІ орын 3 командаға, атап айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттерінен құралған «ФармTeam», Қарағанды медицина университеті студенттерінен құралған «Vita-Pharm» және Астана медицина университеті студенттерінен құралған «Pharma Girls» командасы ие болды.
Ал, ІІІ орыннан Ташкент фармацевтика институты студенттерінен құралған «LabRangers» және «Плацебо» командалары мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті студенттерінен құралған «Nobilis Pharma» командасы көрінді.
Профессор Баян Ахметқызы Сағындықова атындағы арнайы жүлде И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы студенттерінен құралған «STERN.KG» командасына, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы студенттерінен құралған «ФармTeam» командасы мен Ташкент фармацевтика институты студенттерінен құралған «LabRangers» командасына табыс етілді.
