Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы АҚ базасындағы Фармация ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, профессор К.К. Орынбасарованың және ғылыми қызметкер Г.С. Рахманованың жетекшіліктерімен Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Т. Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің 7 «А» сынып оқушылары Сланбек Мадина, Ержігіт Айқаным және оқытушы Мереке Оразованың жетекшілігімен «Медицина, экология» секциясында «Лаванда гүлінен табиғи май алып антисептик дайындау» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобасымен Қазығұрт ауданында өткізілген «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсының аудандық кезеңінде І орынға ие болды. Жоба облыстық деңгейге жолдама алып, облыстық кезеңде ІІ орынға ие болды.

Зерттеу жұмысы екі негізгі бағытта жүргізілді:
1. Лаванда өсімдігінің биологиялық ерекшеліктеріне сипаттама беру.
Оқушылар лаванда өсімдігінің морфологиялық белгілері, өсу ортасы, биологиялық қасиеттері және оның дәстүрлі медицинадағы қолданылу ерекшеліктерін ғылыми әдебиетке сүйене отырып сипаттады.
2. Лаванда гүлінен табиғи эфир майын алу және антисептик дайындау.
Жобада лавандадан табиғи эфир майын алу әдістері тәжірибе жүзінде көрсетілді.
3. Алынған май негізінде оқушылар табиғи антисептик дайындап, оның микробқа қарсы белсенділігін зертханалық жағдайда бағалады. Зерттеу нәтижелері антисептиктің микроағзаларды зарарсыздандыру қабілеті бойынша оң нәтиже көрсеткенін дәлелдеді.


Жобаның ғылыми маңыздылығы – табиғи өсімдік шикізаттарын пайдалана отырып экологиялық таза, қауіпсіз, тиімді антисептик алу мүмкіндігін көрсетуінде. Сонымен қатар, бұл жұмыс оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

ОҚМА АҚ Фармация ғылыми-зерттеу орталығы мектеп оқушыларымен бірлескен ғылыми жұмыстарды қолдауды жалғастырады және жас зерттеушілердің әрі қарайғы шығармашылық ізденістеріне табыс тілейді.