
2026 жылғы 15 мамырда «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ дәрілер технологиясы және фармакогнозия кафедрасы «Фитопрепараттар: отандық шикізат – отандық өнім» тақырыбында жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырып өткізді.
Конференцияның негізгі мақсаты – отандық өсімдік шикізаты негізінде фитопрепараттарды әзірлеу, зерттеу және өндіріске енгізу саласында білім мен тәжірибе алмасуға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік алаң қалыптастыру болды.
Конференция жұмысына Қазақстан, Өзбекстан және Ресей елдерінің өкілдері қатысты. Онлайн форматта Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің (Уфа қ.), Пятигорск медицина-фармацевтикалық институтының (Пятигорск қ.), Ташкент фармацевтикалық институтының (Ташкент қ.), сондай-ақ С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің (Алматы қ.) өкілдері баяндама жасады.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері мен магистранттары фитотерапия, фармакогнозия және дәрілік заттар технологиясының өзекті бағыттары бойынша ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Конференция қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Үздік ғылыми баяндамалардың авторлары I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Конференцияның ұйымдастыру комитеті барлық қатысушыларға ұсынылған ғылыми жұмыстардың жоғары деңгейі мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту аясындағы белсенді қатысулары үшін алғыс білдіреді.