2026 жылғы 13 сәуірде Фармация ғылыми-зерттеу орталығы Ғылым күніне орай «Физика-химиялық талдау әдістері» тақырыбында «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының білім алушыларына арналған мастер-класс өткізді.
ФҒЗО басшысы, фарм.ғ.к., профессор Орынбасарова К.К. дәрілік өсімдік шикізатының әртүрлі түрлеріне ғылыми зерттеулер жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Бұл зерттеулер олардың өнеркәсіптік игерілуін және отандық фитопрепараттар ассортиментін кеңейтуге бағытталған.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты – дәрілік өсімдік шикізатының базасын қалыптастыру, сондай-ақ оның негізінде жоғары тиімді әрі экологиялық қауіпсіз фитопрепараттарды әзірлеу және өндіріске енгізу болып табылады. ҒЗЖ аясында Оңтүстік Қазақстанның дәрілік өсімдіктерінен биологиялық белсенді заттарды бөліп алу және зерттеу, соның негізінде кең спектрлі жаңа фитопрепараттарды жасау жүзеге асырылуда.

Мастер-классты ұйымдастырушылар: Орынбасарова К.К., Рахманова Г.С., Рыбакова А.Д., Қуандық А.Т.
Мастер-класстың мақсаты – фармацевтикалық зерттеулер саласында білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыру. Іс-шара барысында физика-химиялық талдау әдістері, оның ішінде спектрофотометрия, рефрактометрия және инфрақызыл спектрометрия әдістері көрсетілді.

Қуандық А.Т. химиялық талдаудың физикалық әдісі – ерітінділердің түс қарқындылығы бойынша зат концентрациясын анықтауға негізделген спектрофотометрия туралы мәлімет ұсынды. Мастер-класс барысында қонақтар мен бакалаврда білім алатын білім алушыларға боялған ерітінділердің сандық мөлшерін анықтау жолдары көрсетілді.
Сондай-ақ Қуандық А.Т. мастер-класс қатысушыларына инфрақызыл спектроскопия әдісін таныстырды. Білім алушылар мен қонақтар ИҚ-сәулеленудің жұтылу максимумдарымен танысып, олардың зерттелетін үлгі молекулаларындағы белгілі бір функционалдық топтар мен құрылымдық фрагменттердің бар екенін көрсететінін білді.

Ғылыми қызметкер Г.С. Рахманова Клевенджер құралында эфир майын алу әдісін көрсетті. Сонымен қатар, өсімдік шикізатындағы эфир майының мөлшерін Клевенджер құралында су буымен айдау арқылы анықтауға болатынын түсіндірді. Алынған эфир майының көлемі бойынша оның абсолютті құрғақ шикізатқа қатысты пайыздық шығымы есептеледі.

Эфир майлары оптикалық белсенді заттар болып табылады, олардың тазалығын бағалау үшін рефрактометр қолданылды. Жарықтың сыну көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, эфир майының құрамындағы қоспалар мөлшері соғұрлым көп болады. Эфир майларын алғаннан кейін ғылыми қызметкер, медицина ғылымдарының магистрі А.Д. Рыбакова RX-7000i рефрактометрінің жұмыс істеу принципін жан-жақты түсіндіріп, оның тәжірибелік қолданылуын көрсетті.

Мастер-класс қорытындысы бойынша талқылау өткізіліп, оның барысында қатысушылар мұндай деңгейдегі іс-шаралар жоғары оқу орнында оқытылатын пәндердің интеграциясының нәтижелерін айқын көрсететінін атап өтті. Физика-химиялық талдау әдістері саласында алынған білім болашақ мамандардың кәсіби құзыреттері мен практикалық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша, жоғары оқу орындарында мамандар даярлаудың мазмұны мен ұйымдастырылуына қойылатын жоғары талаптар, соның ішінде білім алушылардың ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, ел экономикасының қазіргі даму қарқынымен айқындалады. Осыған байланысты білім беру үдерісіне теориялық білімді тәжірибеде бекітуге бағытталған ғылыми зерттеу элементтері белсенді түрде енгізілуде. Бұл, өз кезегінде, білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына оқу үдерісі аясында да, одан тыс уақытта да қатысуы арқылы жүзеге асырылады.