
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, этносаясатты түсіндіру және деструктивті діни ағымдардың идеологиясының таралуының алдын алу мақсатында ақпараттық кездесу өтті.
«Ғаламтор – діни ұстаз емес» тақырыбында өткен іс-шараға сала мамандары қатысып, жастармен ашық пікір алмасу жүргізді.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Аббас Шамирзаев және Шымкент қалалық Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлиханов Самат Шоқанұлы қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға этносаралық және конфессияаралық келісімнің маңыздылығы, діни ақпаратты дұрыс қабылдау және интернет кеңістігіндегі ақпараттың шынайылығын саралай білу туралы түсіндірді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде таралатын діни мазмұндағы ақпараттарға сыни тұрғыдан қарау, күмәнді діни ресурстардан сақтану және деструктивті діни ағымдардың ықпалына түспеудің жолдары жөнінде пайдалы ақпараттар берілді.
Іс-шара барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.