Кеше Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Польшадағы Гданьск медицина университетінен (MUG) делегация келді. Құрамында профессор Томаш Бончек пен Ольга Хофман бар делегация академия басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Қонақтар 2019–2025 жылдар аралығында MUG-де жүзеге асырылып жатқан «Озық тәжірибе бастамасы – Зерттеу университеті» (IDUB) бағдарламасының негізгі бағыттары мен нәтижелері жайлы баяндады.
Кездесу екіжақты серіктестікті дамытуға, білім және ғылыми тәжірибе алмасуға, сондай-ақ медициналық білім беру бағдарламаларын жетілдіруге бағытталды. Әсіресе, ОҚМА қызметкерлерінің қызығушылығын IDUB бағдарламасы аясында жасалған құрылымдық және инфрақұрылымдық өзгерістер, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргізуге жасалған жағдайлар тудырды.
Бүгін қонақтар академияның заманауи жабдықталған оқу корпустары мен зертханалық базасын аралады. Кездесу барысында жоғары оқу орындарындағы ғылымды дамыту стратегиялары талқыланды. Бұл кездесу медицина саласындағы өзара серіктестікті кеңейтуге және тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау, олардың жұмысқа орналасу тетіктері мен ішкі ғылыми гранттық бағдарламалар мәселелері жан-жақты қарастырылды. Зерттеушілермен кездесулер ұйымдастырылды.
Ертең іссапар қорытындысы бойынша IDUB бағдарламасы аясында жинақталған тәжірибе негізінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының 2026–2030 жылдарға арналған даму стратегиясына қатысты ұсыныстар мен мүмкіндіктерге шолу жасалады. Бұл іс-шара академияның болашақ даму бағыттарын және халықаралық серіктестігін айқындауға елеулі ықпал етеді.