
Гигиена және эпидемиология кафедрасында 16 қазан – Дүниежүзілік дұрыс тамақтану күніне орай, кафедраның аға оқытушылары Рыстигулова Ж.Б. және Жақсыбекова І.С. ұйымдастыруымен «Дәстүрлі қазақ дастарханы: ұлттық тағамдардың денсаулыққа пайдасы» атты танымдық іс-шара өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің дұрыс тамақтану қағидаттары туралы білімдерін арттыру, дәстүрлі қазақ асханасының ерекшеліктерімен таныстыру және ұлттық тағамдық дәстүрлердің денсаулықты сақтау мен нығайтудағы рөлін түсіндіру.

Іс-шараға «Жалпы медицина» факультетінің ВМ-МҚқА-03-25 және ВМ-МҚқБ-03-25 топ студенттері қатысып, дәстүрлі қазақ тағамдары мен ұлттық өнімдерді таныстырды. Студенттер тағамдардың шығу тарихы, дайындалу ерекшеліктері, тағамдық құндылығы және адам ағзасына пайдасы туралы мәліметтер берді. Дастарханға наурызкөже, қуырдақ, асып, бауырсақ, жент, құрт, қымыран және қымыз сияқты ұлттық тағамдар мен сусындар ұсынылды.
Іс-шара барысында студенттер дәстүрлі өнімдердің адам рационындағы маңызын, олардың қоректік қасиеттерін және тұтыну ерекшеліктерін заманауи нутрициология тұрғысынан талқылады. Ұлттық аспаздық дәстүрлерді қазіргі заманғы ұтымды тамақтану қағидаттарымен үйлестіруге ерекше назар аударылды. Іс-шара танымдық әрі шығармашылық атмосферада өтіп, студенттердің командалық жұмыс дағдыларын дамытуға, кәсіби білімдерін кеңейтуге және қазақ халқының мәдени мұрасына деген құрметін қалыптастыруға ықпал етті.

Мұндай іс-шараларды өткізу – гигиена және эпидемиология кафедрасының салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға, болашақ медицина мамандарының аурулардың алдын алу және халық денсаулығын сақтау мәселелеріне қызығушылығын арттыруға бағытталған білім беру жұмысының маңызды бөлігі.