Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Ғылым, инновация және командал...
21 мамыр 2026
1
0
0

Ғылым, инновация және командалық рух: академиядағы халықаралық постерлік байқау

Академияның фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы серіктес жоғары оқу орындарының қатысуымен «Жас зерттеушілердің инновациялық идеялары» атты IV халықаралық постерлік баяндамалар байқауын ұйымдастырды.
Байқауға Үндістанның фармацевтикалық жоғары оқу орындары — College Of Pharmacy (Ooty), Academy of Higher Education & Research (Mysore), И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті (Мәскеу, РФ), Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтикалық университеті (Санкт-Петербург, РФ), Башқұрт мемлекеттік медицина университеті (Уфа, РФ), И.К. Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы (Бішкек, Қырғызстан), Ташкент фармацевтика институты (Ташкент, Өзбекстан), Ташкент білім және зерттеулер институты (Ташкент, Өзбекстан) және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.


Байқаудың мақсаты — жас ғалымдардың фармацевтикалық зерттеулер саласындағы жетістіктерін таныстыру болды. Қатысушылар ұсынған ғылыми жұмыстардың тақырыптары кең ауқымды қамтыды: фармациядағы инновациялық технологиялар, жаңа дәрілік заттарды әзірлеу, препараттардың молекулалық әсер ету механизмдерін зерттеу, фармацевтикалық белсенді субстанциялардың кейбір жаңа туындыларының in silico дизайны, дәрілік заттар мен өсімдік шикізатын стандарттау, дәрілік препараттардың фармакологиялық белсенділігіне докинг-талдау жүргізу, фармацевтикалық экологияның өзекті мәселелері, ОҚМА фармация факультетінің бейіндік кафедраларындағы жобалық-бағдарланған жұмысты кезең-кезеңімен іске асыру нәтижелері, сондай-ақ токсикологиялық маңызы бар қосылыстардың химиялық-токсикологиялық талдауы.


Іс-шара гибридті форматта — офлайн және шетелдік қатысушылар үшін Zoom платформасын пайдалану арқылы онлайн түрде өтті. Жалпы саны 45 постерлік баяндама ұсынылды. Барлық материалдар алдын ала қазылар алқасының мүшелеріне жіберілді. Қазылар құрамына медицина және фармация саласындағы танымал сарапшылар енді.


Жұмыстар бірнеше критерий бойынша бағаланды: зерттеудің өзектілігі мен мақсаты, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы, постердің мазмұндық және көркемдік безендірілуі, сондай-ақ автордың дайындық деңгейі — сұрақтарға жауап беру, өз ойын дәлелдеу және ғылыми пікірталас жүргізу қабілеті. Конференция барысында қатысушылар қазылар алқасымен және аудиториямен белсенді байланыс орнатып, сұрақтарға жауап беріп, алынған нәтижелерді талқылады. Барлық баяндамалар аяқталғаннан кейін қазылар алқасы қорытынды шығарып, ұйымдастыру комитетіне ұсынымдарын ұсынды. Модераторлар байқау нәтижелері мен жеңімпаздардың есімдерін жариялады. Әрбір қатысушыға ғылыми жетекшісі көрсетілген сертификат табысталды, ал жеңімпаздарға Бас жүлде, I, II және III дәрежелі дипломдар берілді. Үзіліс кезінде кафедра ұжымы дайындаған фуршет ұйымдастырылды. Мұндай бағдарлама мерекелік атмосфераны күшейтіп, білім алушылар мен оқытушылар арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ командалық рухты дамытуға ықпал етті.


Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар мен олардың ғылыми жетекшілері форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, оң пікірлерін білдірді. Байқаудың ерекшелігі — баяндамашылар, қазылар алқасы және аудитория арасындағы динамикалық әрі интерактивті қарым-қатынас болды. Байқау барысында постерлер үнемі қатысушылар мен қазылар алқасының назарында болып, олардың мазмұны жан-жақты зерделенді. Өткізілген байқау ғылыми идеялар мен жобаларды таныстыруға арналған тиімді алаңға айналып, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану қабілеттерін дамытуға ықпал етті.

Пікірлер орны (0)