
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында профессор Гүлсім Абдырахманқызы Дущанованың 80 жылдық мерейтойына арналған «Ғылыми мектептен — заманауи клиникалық неврологияға дейін» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Гүлсім Абдырахманқызы — өңіріміздегі неврологиялық мектептің негізін қалаған көрнекті ұстаз, білікті дәрігер, ғалым әрі тәлімгер. Сан жылдық еңбек жолында ол дәрігерлердің бірнеше буынына білім беріп, кәсіби қалыптасуына үлес қосты. Сонымен қатар, өңірдегі медициналық оқу орындарында жаңа кафедралардың ашылуына, медициналық қауымдастықтардың қалыптасуына жетекшілік етті.
Конференцияның ашылу салтанатында ОҚМА ректоры Жанна Сейтжанова құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында медицина ғылымдарының докторы, ОҚМА профессоры Орманов Намазбай Жаппарұлы, фармацевтика ғылымдарының докторы, ОҚМА профессоры Сағындықова Баян Ахметқызы, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру факультетінің деканы Жағыпарова Жанар Амангелдіқызы, химия ғылымдарының кандидаты, доцент, ОҚМА басқармасының басшысы Ахметова Алма Әбдікәрімқызы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
Конференция барысында профессор Гүлсім Абдырахманқызы Дущанованың өмірі мен кәсіби қызметіне арналған бейнеролик көрсетіліп, ғалымның медицина саласындағы көпжылдық еңбегі мен өнегелі жолы кеңінен таныстырылды. Іс-шараны оқу орнының клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлы жүргізді.

Іс-шара барысында ОҚМА және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың неврология, психиатрия, оңалту және нейрохирургия бағытындағы профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдары өздерінің ғылыми баяндамаларын ұсынды. Баяндамашылар қатарында:
* ОҚМА профессоры, неврология, психиатрия, оңалту және нейрохирургия кафедрасының меңгерушісі Назира Жарқынбекова;
* Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, неврология, психиатрия және наркология кафедрасының меңгерушісі Гаухар Абасова;
* ОҚМА профессоры Гүлфариза Тұқсанбаева;
* Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Макира Тубанова;
* ОҚМА доценттері Салтанат Еркебаева және Гүлнар Мұстапаева;
* Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті Гүлмира Диханбаева;
* ОҚМА ассистенттері Отари Окроадзе, Мұрат Сүлейменов, Айнұр Есетова, Эльмира Аманова болды.
Конференцияны Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия» кафедрас және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Неврология, психиатрия және наркология» кафедрасы ұйымдастырды.