
2026 жылғы 7 сәуірде С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан Республикасының Ғылым қызметкерлері күніне орай медициналық жоғары оқу орындарының студенттері арасында «БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары контекстіндегі денсаулықтың әлеуметтік детерминанттары» атты халықаралық студенттік ғылыми олимпиадасы өткізілді.

Олимпиаданың мақсаты – Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) айқындаған Тұрақты даму мақсаттары аясында денсаулықтың әлеуметтік детерминанттарының өзектілігін терең түсіндіру, олардың халық денсаулығына әсерін жан-жақты талдай алатын білікті болашақ мамандарды қалыптастыру, студенттердің ғылыми-зерттеу, аналитикалық және сыни ойлау дағдыларын дамыту, сондай-ақ халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мен академиялық байланыстарды нығайту болып табылады.
Аталған олимпиадаға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы , сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Башқұртстан және еліміздің барлық медициналық жоғары оқу орындарының студенттері белсенді түрде қатысты. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Медицина» факультетінің BM-CO-10-25 тобының студенттері Мамаева Мадина, Абдугазизова Диана, Сарыбекова Сауле, BM-MA-14-25 тобының студенттері Сунакбаева Латофат, Фархадова Вазира Улугбекқызы жоғары деңгейдегі дайындықтары мен кәсіби білімдерін көрсете білді. Академия атынан қатысқан «Cure Vitae» командасы ғылыми жобаларын сәтті қорғап, өзекті мәселелерді жан-жақты талдау қабілеттерін танытып, нәтижесінде жүлделі III орынды иеленді.
Бұл жетістік студенттердің сапалы білім деңгейін, ғылыми әлеуетін және заманауи денсаулық сақтау мәселелеріне деген қызығушылығын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай халықаралық ғылыми іс-шаралар болашақ медицина мамандарының кәсіби қалыптасуына, олардың жаһандық денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлін түсінуіне және ғылыми ізденістерін дамытуға зор ықпал етеді.