Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Халықаралық ынтымақтастық шека...
20 сәуір 2026
1
0
0

Халықаралық ынтымақтастық шекараларын кеңейту

2026 жылғы 6–10 сәуір аралығында фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының меңгерушісі, профессор С.К. Ордабаева Санкт-Петербург мемлекеттік химия-фармацевтикалық университетінің (СПХФУ) фармацевтикалық химия кафедрасы базасында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында іссапарда болды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы «Фармация» білім беру бағдарламасының 3–5 курс студенттеріне арналған «Фармацевтикалық химия» және «Дәрілік заттарды стандарттау» пәндері бойынша дәрістер, зертханалық сабақтар және семинарлар өткізуді қамтыды. Сабақтар барысында гетероциклді қосылыстар, стероидты гормондар, антибиотиктер және басқа да дәрілік заттарды талдау мәселелері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармаопеясы мен ЕАЭҚ нормативты құжаттарының дәрілік препараттар сапасына, қауіпсіздігіне, және эффективтілігіне қойылатын талаптар, т.б. сұрақтар қарастырылды.

Профессор С.К. Ордабаева қабылдаушы тараптың профессор-оқытушылар құрамымен білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіндегі тәжірибесімен бөлісті. Әріптестерді кредиттік оқыту технологиясы негізінде білім беру үдерісін ұйымдастыру, серіктес жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, білім беру бағдарламаларына ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, белсенді оқыту әдістерін қолдану, сондай-ақ кафедраның ғылыми бағыттары қызықтырды.
Сонымен қатар, профессор С.К. Ордабаева фармацевтика және биотехнология саласындағы IPhEB-2026 бизнес-форумы аясында өткен «Фармацевтикалық ғылым: XXI ғасырдағы сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық қатысумен өткен V Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференцияға белсенді қатысты.

IPhEB 2026 – жыл сайын Ресей мен басқа да елдерден жүздеген фармацевтика саласының сарапшыларын біріктіретін маңызды салалық алаң. Конференция барысында доклиникалық зерттеулер, дәрілік заттарды әзірлеу және өндіру, биотехнологияның перспективалы бағыттары, фармацевтикалық білім беру, фармацевтикалық микробиология, шағын тоннажды химия және басқа да өзекті мәселелер бойынша секциялар өткізілді.
Форум аясында халықаралық қатысумен өткен «Фармацевтикалық химия: қолданбалы ғылымды практикалық іске асыру» атты І Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Бұл білім беру трегінде биоаналитикалық зерттеулер, дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау, ғылыми зерттеулер жүргізу әдіснамасы мен аналитикалық жабдықтау, әскери уақыттағы фармация және басқа да бағыттар талқыланды.

С.К. Ордабаева өз баяндамасында Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен индустрияның интеграциясы тәжірибесімен таныстырды. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында (ЮКМА) дуальды оқыту моделі сәтті жүзеге асырылуда, мұнда білім беру мен өндіріс арасындағы байланыс жұмыс орнында оқыту (Work-based learning) арқылы, Santo (Polpharma Group құрамына кіреді) және «BioEtica» ЖШС сияқты ірі өндірістік компаниялармен ынтымақтастық негізінде қалыптасқан. Дәрілік заттардың сапасын бақылау саласындағы құзыреттерді беру тікелей жұмыс орындарында жүзеге асатыны көрсетілді. Бұл интеграция жас мамандардың мамандыққа бейімделу уақытын қысқартып, оларды оқу орнын бітіргеннен кейін бірден заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеуге дайын кадрлар ретінде қалыптастырады.

2026 жылғы 6 сәуірде СПХФУ базасында «Жас фармация – болашақ әлеуеті 2026» атты жас ғалымдар мен студенттердің конференциясы өтті. Конференцияда жас зерттеушілер дәрілік заттарды әзірлеу және технологиясы, биоаналитика, сапаны бақылау және стандарттау, фармакогнозия және фитохимия, доклиникалық зерттеулер және басқа да бағыттар бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынды. Осы кезеңде кафедраның студенттік ғылыми үйірмесінің мүшелері Шымкентбай А. және Нұрғалиқызы А. «Биологиялық сұйықтықтардан бөлінген неоникотиноидты пестицидтер үшін ЖҚХ-скрининг әдістемесін әзірлеу» тақырыбындағы баяндамамен онлайн форматта қатысты.
Шымкент қаласының су нысандарындағы стероидты қосылыстардың құрамын зерттеу бойынша жұмысын ұсынған 2-курс магистранты Матаева Г. арнайы жүлдеге ие болып, Scopus базасына кіретін журналда мақаласын тегін жариялау мүмкіндігін жеңіп алды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі IPhEB 2026 алаңында өтті.

Академиялық ұтқырлықтың мазмұнды бағдарламасы университеттің Эксперименттік фармакология орталығы, Дәрілік заттардың сапасын бақылау орталығы, Ұжымдық пайдалану орталығы, GMP-тренинг орталығы және басқа да инновациялық құрылымдарын қамтыды.
Бағдарлама қорытындысы бойынша профессор С.К. Ордабаева СПХФУ ректоры, профессор И.А. Наркевичпен кездесті. Ол Академия басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына нәтижелі ынтымақтастық үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ғылым жөніндегі проректор, профессор Е.В. Флисюк және фармацевтикалық химия кафедрасының меңгерушісі, профессор О.Ю. Стрелова қатысқан кездесуде бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді дамыту перспективалары талқыланды.

Пікірлер орны (0)