
Болашақ дәрігердің кәсіби қалыптасуы тек кітап пен аудиториямен шектелмейді. Нағыз клиникалық ойлау мен дұрыс диагноз қою шеберлігі зертханалық әдістердің тылсым сырын терең түсінуден басталады.
Осы мақсатта ОҚМА Отбасылық медицина кафедрасының ұйымдастыруымен топ жетекшісі, жоғары санатты тәжірибелі дәрігер Күмісай Аташованың жетекшілігімен 09-26 ІТҚ тобының интерн-дәрігерлері «Олимп» заманауи медициналық лабораториясына арнайы экскурсия жасап, әрбір анализдің жасалу жолын көзбен көріп қайтты.
Дәрігер ауруды толық ұғынып, оның түбіне жету үшін әрбір зерттеудің қалай орындалатынын, микроскоп арқылы әрбір жасушаның қалай көрінетінін жете білуі тиіс.
Зертханалық сапардан соң бұл тәжірибелік әсерімізді қазіргі өтіп жатқан пәнімізбен сабақтастырып, пульмонологиялық пациенттердің анализдерін бағалауға арналған арнайы мазмұнды лекцияға қатыстық. Қай ауруға қандай зерттеу түрі кеңінен мәлімет беретінін, қан мен қақырық талдауларының өкпе ауруларын дифференциалды диагностикалаудағы маңызын, зерттеу құнын, қолжетімділігі және олардың клиникалық нәтижелерін жан-жақты сараптадық.
Студенттер заманауи анализаторлардың жұмысын көзімен көріп қана қоймай, теориялық білімін нақты пульмонологиялық кейстермен ұштастырды. Кафедраның қолдауымен және Күмісай Аташованың тәлімгерлігімен өткен осындай тәжірибелік сабақтар болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын кеңейтіп, емдеу ісіне деген жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түсетініне сенімдіміз.