Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «Кибергигиена – цифрлық қауіпс...
22 қыркүйек 2026
1
0
0

«Кибергигиена – цифрлық қауіпсіздіктің негізі»


«Қыркүйек – Ұлттық киберқауіпсіздік айы» аясында 21 қыркүйек күні «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ білім алушыларына арналған «Кибергигиена – цифрлық қауіпсіздіктің негізі» тақырыбында әдістемелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы хабардар ету, жеке деректерді қорғау дағдыларын қалыптастыру және киберқылмыстың алдын алу.
Іс-шараның ұйымдастырушысы әрі модераторы – «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ цифрлық офицері Айбек Нұрпейісов.

Кездесу барысында сала мамандары бірқатар маңызды тақырыптар бойынша баяндама жасады:
− Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бахытжан Бекбаев «Интернет-алаяқтық» тақырыбында сөз сөйлеп, алаяқтардың кең таралған тәсілдері мен олардан қорғану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, Полиция департаментінің өкілдері интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған бейнематериалдарды көрсетіп, нақты жағдайлар негізінде киберқауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын жеткізді.
− Shymkent Hub жергілікті менеджері Құрманғазы Мұратов «Цифрлық гигиена: цифрлық сауаттылықты арттыру және деректеріңізді қорғау» тақырыбында пайдалы ақпарат ұсынып, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау бойынша практикалық кеңестерімен бөлісті.
− «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ киберқауіпсіздік және ақпараттық жүйелерді қорғау маманы Сабыржан Арынбаев «Студент және цифрлық қауіпсіздік: күнделікті өмірдегі кибергигиена» тақырыбында баяндама жасап, білім алушыларға киберқауіптерден қорғанудың негізгі қағидаларын таныстырды.
Іс-шара барысында қатысушылар интернет-алаяқтықтан қорғану, сенімді құпиясөздерді пайдалану, күмәнді сілтемелерді анықтау, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша маңызды мәліметтер алды.
Кибергигиена талаптарын сақтау – цифрлық ортадағы қауіпсіздіктің басты шарты. Әрбір қолданушының жауапкершілігі мен сақтығы киберқауіптердің алдын алуға көмектеседі.
Іс-шара барысында Шымкент қалалық Экономикалық тергеп тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан  Әлжан «Қаржылық сауаттылық», Шымкент қаласы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа күрес басқармасының аға жедел уәкілі,  полиция капитаны Жұмабай Бақдәулет «Қауіпсіз орта: буллингтің алдын алу және құқықтық жауапкершілік» тақырыбында баяндама жасады.

Пікірлер орны (0)