
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Конституциялық өзгерістер: тұрақты даму және құқық үстемдігі» тақырыбында маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері де қатысып, елдегі саяси-құқықтық реформалар жөнінде кеңінен ақпарат алды. Кездесудің мақсаты – конституциялық реформалардың қоғам дамуына ықпалын түсіндіру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды. Іс-шара барысында қатысушылар елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөліне ерекше тоқталды. Жиынға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әлібекұлы Абдезов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Саясаттану кафедрасының саяси ғылымдар магистрі, аға оқытушысы Жандос Әбутәліпұлы Сарсенбеков және Шымкент қаласы заң палатасының мүшесі Гузаль Рустамжановна Абдурахманова қатысты. Спикерлер өз баяндамаларында құқық үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтық қоғам институттарын дамыту және конституциялық өзгерістердің ел болашағына әсері туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жастардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтілді. Кездесу барысында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сарапшылармен ашық пікір алмасты.