
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шаралар бастау алды. Академияның бас ғимараты алдында жиналған университет ұжымы мен студенттері ерекше көтеріңкі көңіл-күйде қаладағы өзге жоғары оқу орындарынан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Көпшілік бір-бірімен қауышып, төс қағыстырып, ізгі тілектерін айтып, ұлттық дәстүрге сай Көрісу рәсімін жасады.
Көктемнің шуақты мерекесі оқу орнында ерекше сән-салтанатпен ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған түрлі мәдени іс-шаралармен жалғасын тапты. Қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, студенттер мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұлттық киім киген жастар дәстүрлі ән мен күйден шашу шашты.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында мерекелік шаралар Көрісу күнінен бастау алып, алдағы он күн бойы жалғасын табатын болады. Осы уақыт аралығында студенттер мен оқытушылардың қатысуымен ұлттық спорт ойындары, қайырымдылық акциялары, сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тарихын танытатын танымдық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.