
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты тағылымды еңбегін таныстыруға арналған іс-шара өтті.
Жиынға академия ректоры Жанна Сейтжанова, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты. Іс-шараны оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім жүргізді.
Жиында мемлекеттің дамуы мен болашағына қатысты кітапта қамтылған ой-тұжырымдар кеңінен талқыланды. Академия ректоры Жанна Серікжанқызы өз сөзінде «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабындағы 21 тақырыпты жастардың санасына сіңіріп, қоғамда ортақ құндылықтар мен берік азаматтық ұстаным қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ «Адал азамат», «Толық адам» тұжырымдарының мән-маңызына ерекше назар аударып, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтті.
Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Жанат Нұржанбаева, кітапханалық-ақпараттық орталық басшысы Раушан Дарбичева және студенттерді есепке алу бөлімінің меңгерушісі Нұршат Чапай баяндама жасап, еңбекте еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелермен қатар, ел болашағына бағытталған маңызды бастамалардың да қамтылғанын атап өтті.
Өз сөзінде Ербол Қалтұрсынұлы кітапта көтерілген білім мен ғылым мәселелерінің бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызға ие екеніне тоқталды. Сондай-ақ, мемлекетшілдік, адалдық, заңға құрмет, білім, еңбек, бірлік пен мәдениет туралы тұжырымдардың академияның күнделікті жұмысымен өзара үндесетінін жеткізді. Ал, Нұршат Чапай еңбектің атауындағы «шыншыл» сөзіне ерекше мән беріп, кітаптың құндылығы қоғамдағы өзекті мәселелердің ашық әрі шынайы баяндалуында екенін тілге тиек етті.
Іс-шара барысында студенттер де өз пікірлерін ортаға салып, кітаптағы білімді ұлт қалыптастыру, адал еңбек ету, елге қызмет ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру секілді идеялардың өзектілігін атап өтті.