Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Мемлекеттік грант және ауылдық...
19 мамыр 2026
1
0
0

Мемлекеттік грант және ауылдық квота негізінде оқитын білім алушылар назарына!

Құрметті білім алушылар және түлектер!


Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің «Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 11 тамыздағы №403 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған түлектер міндетті түрде еңбек өтеуге тиіс.


Осы бұйрықтың негізінде:
• мемлекеттік грант негізінде білім алған түлектер кемінде 3 жыл жұмыс өтеуге міндетті;
• еңбек өтеу мемлекеттік және лицензиясы бар жеке меншік ұйымдарда жүзеге асырылуы мүмкін;
• декреттік демалыс, оқуын жалғастыру және әскери қызмет жағдайларында міндеттеме заңнамаға сәйкес уақытша тоқтатылады;
• жұмыс орны мен еңбек қызметі бойынша мәліметтер Қаржы орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі.
Мемлекеттік білім беру гранты және ауылдық квота негізінде білім алған бітірушілерді еңбек нарығындағы қажеттілікке сәйкес жұмыс орындарына бөлу және міндетті өтеуден босатылатын санаттарды анықтау жұмыстарын түлектерді жұмысқа бөлу жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің нормативтік-құқықтық актілері және жоғары оқу орнының ішкі ережелері негізінде жүзеге асырады.
Түлектерді жұмысқа бөлу жөніндегі комиссия құрамына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің, «Қаржы орталығы» АҚ, Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми Денсаулық сақтауды дамыту орталығының және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, жоғары оқу орны басшылығы, факультет декандары және мансап бөлімінің меңгерушісі енгізіледі.

Сұрақ - жауап


1. Менің мамандығым, жоғарыдан көрсетілген грант бойынша міндетті жұмыс өтеу мерзімі нақты қанша уақытты құрайды?
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің №403 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік білім беру гранты негізінде білім алған түлектер кемінде 3 жыл міндетті еңбек өтеуге тиіс.


2. Жұмыс өтеу барысында қандай шектеулер қарастырылған (жұмыс орнын ауыстыру, декреттік демалыс, оқуды жалғастыру және т.б.)?

Түлектерді жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияға жүгінген жағдайда берілетін, міндеттен босатылу құқықтары:
• жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өткеретін елді мекенде бос орын болмаған жағдайда;
• бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар;
• жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеп жатқан болса;
• мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақыны алушылар;
• резидентураға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, магистратураға, докторантураға түскен жағдайда;
• әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаған және оның талаптарын сақтаған азаматтар;
• әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің (әскери жиындарды қоспағанда) белгіленген мерзімін өткерген азаматтар
• бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасауды жүзеге асыратын мемлекеттік жәрдемақыны алушылар.


3. Жұмыс өтеуді жеке меншік ұйымдарда өтуге бола ма, әлде тек мемлекеттік мекемелерде ғана рұқсат етіле ме?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің №403 бұйрығына сәйкес, міндетті еңбек өтеуді лицензиясы бар мемлекеттік те, жеке меншік медициналық ұйымдарда да өтуге болады, егер жұмыс мамандыққа сәйкес және ресми еңбек шарты негізінде жүзеге асырылса.


Сұрақтар туындаған жағдайда «ОҚМА» АҚ Мансап бөліміне жүгінулеріңізге болады. Мансап бөлімі тарапынан міндетті еңбек өтеу, жұмысқа бөлу және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша консультациялық қолдау көрсетіледі.

Пікірлер орны (0)