Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен «Алғыс айту – парызым» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараны оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Сәлім Қалтұрсынұлы ашып беріп, мерекенің мәні мен маңызына тоқталды. Ербол Қалтұрсынұлы өз сөзінде алғыс айту адамгершіліктің асыл қасиеті, ұрпақ санасына ізгілік пен мейірімділік дәнін себетін өнегелі дәстүр екенін атап өтті. Сонымен қатар, академия ұжымы мен білім алушыларын мерекемен құттықтап, ел бірлігі жолындағы игі бастамаларға сәттілік тіледі.
Шымкент қаласының неміс мәдени орталығы төрағасының орынбасары, Шымкент қаласының қоғамдық кеңесі мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі Дрейлинг Артур Александрович құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстанда туып-өсіп, осы елдің дамуына үлес қосып жүргенін мақтан ететінін жеткізді.
Мерекелік кеште білім алушылар өз өнерлерін ортаға салды. ПК-01-25 тобының білім алушысы Жансұлу Жаппар «Ұстазға алғыс» өлеңін мәнерлеп оқыса, ФОТ-01-25 тобының білім алушысы Ақерке Идият пен ВМ-СҚБ-03-25 тобының білім алушысы Еркебұлан Ерғазыұлы «Балбырауын» күйін орындады. «Алғыс» әнін ВМ-ФӨТ-01-25 тобының білім алушысы Бақыт Қалыбек орындаса, ВМ-СОА-08-25 тобының білім алушысы Алиасқар Шериев «Көңіл толқыны» күйін шеберлікпен шертті.

Биші қыздар «Қазақ қызы» биін билесе, шетелдік студент қыздар үнді биін билеп, көпұлтты достықтың жарқын үлгісін көрсетті. Аружан Зуппаралы «Әуезді әуендер» шығармасын пианинода орындап, кештің көркін аша түсті. В-ФО-02-25 тобының білім алушысы Полина Назаренко «Мерекем» әнін шырқап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кеш соңында фармация факультетінің деканы Арыстанбаев Құттыбек Есенгелдіұлы іс-шараға белсенді қатысып, өнер көрсеткен білім алушыларды арнайы «Алғыс хаттармен» марапаттады.