
2026 жылғы 13–26 ақпан аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау» кафедрасының оқытушылары Қазақстан-Ресей медицина университеті базасында іссапарда болды. Іс-шара «Қоғамдық денсаулық» кафедрасында ұйымдастырылып, медициналық кадрларды даярлау саласындағы озық педагогикалық және ғылыми тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталды.
Білім беру бағдарламасы әртүрлі деңгейдегі білім алушыларды қамтыды. Аға оқытушы, магистр Курбанова К.Т «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Жалпы медицина» және «Медициналық-профилактикалық іс» білім беру бағдарламалары бойынша дәрістер, практикалық сабақтар және оқытушы жетекшілігімен білім алушылардың өзіндік жұмыстарын (ОБӨЖ) өткізді. Оқу барысында мамандыққа кіріспе, ғылыми зерттеулер негіздері, биостатистика және алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру қағидаттары жан-жақты қарастырылды.
«Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасы бойынша 1 және 2 курс магистранттарына м.ғ.к., доцент Садибекова Ж.У дәрістер ұсынды. Бағдарлама қолданбалы статистиканы, денсаулық сақтаудағы экономика мен менеджментті, ғылыми зерттеулерді жоспарлау және ұйымдастыру әдіснамасын тереңдетіп оқытуды қамтыды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі сапа менеджменті мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оқу үдерісінде интерактивті дәрістер, ұйымдастырушылық кейстерді талдау, шағын топтарда жұмыс істеу сияқты заманауи білім беру технологиялары қолданылды. Оқытушылар білім алушылардың аналитикалық ойлауын, дәлелді медицина қағидаттарын және статистикалық талдау әдістерін тәжірибеде қолдану дағдыларын дамытуға басымдық берді.
Аталған академиялық ұтқырлық бағдарламасының жүзеге асырылуы екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби дамуына және медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы білім беру сапасын арттыруға ықпал етті.