
Жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында 2026 жылғы 6–8 сәуір аралығында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтеді. Іс-шара аясында Әзербайжан жоғары оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылады.
Форумның негізгі оқиғасы – 2026 жылғы 6 сәуірде екі елдің жоғары білім саласына жауапты министрлерінің қатысуымен өтетін ректорлар кездесуі болады.

Іс-шараның басты мақсаты – жоғары оқу орындары арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын арттыру.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы Әзербайжан медициналық университетімен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. Оқытушылар мен білім алушылардың барлық деңгейлері бойынша алмасу тұрақты түрде кеңеюде. 2023–2026 жылдар аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламаларына 100-ден астам білім алушылар және профессор-оқытушылар құрамының 10 өкілі қатысты.
ОҚМА алдағы форумды халықаралық серіктестікті нығайту және Әзербайжан университеттерімен білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды алаң ретінде қарастырады.