
2025 жылғы 9–10 қазан күндері Астана қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, «Астана медицина университеті» КЕАҚ және «Инфекционистер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Жаһандану жағдайындағы жұқпалы аурулар: сын-қатерлер және шешімдер» тақырыбында инфекционистердің IV Халықаралық Конгресі өтті. Аталған конгресс эпидемиологиялық жағдай, жұқпалы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері бойынша ұлттық және халықаралық тәжірибе алмасуға арналған ең ірі ғылыми-тәжірибелік алаңға айналды. Жұқпалы аурулар кафедрасының жас ғалымдары жас зерттеушілер секциясында академия атынан жоғары деңгейде қатысып, өз баяндамаларын ашық тыңдалым форматында ұсынып, кәсіби қауымдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. 1-курс резиденті Турахметова А. «Білмеушілік – қауіп факторы ретінде: Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының отбасылық жағдайлары» тақырыбындағы баяндамасымен ІІ орынға ие болды.
1-курс резиденті Нархалова А. «Тропикалық инфекция – бейтропикалық аймақта: Шымкенттегі безгек» тақырыбындағы баяндамасымен ІІІ орынға ие болды. Бұл жетістіктерге жас ғалымдар кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми жетекшілігі мен қолдауының нәтижесінде қол жеткізді.
Ғылыми жетекшілері:
– Жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Абуова Г.Н.,
– Кафедра доценті, PhD Бердалиева Ф.А.
Студенттеріміз бен олардың ғылыми жетекшілерін лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

