Войти
Басты бет Академия жаңалықтары Оңтүстік Қазақстан медицина ак...
23 шілде 2025
2
0
0

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Ұлыбританияның Cardiff университетінен делегация келді

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына Ұлыбританияның беделді жоғары оқу орындарының бірі Cardiff университетінен делегация келді. 
Қонақтардың қатарында Cardiff университеті медицина факультетінің деканы, профессор Stephen Riley, университеттің әкімшілік басқару жөніндегі проректоры, доктор Paula Sanderson және Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректоры Самғат Ермекбаев болды.
Делегация мүшелері алдымен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының тыныс-тіршілігімен, оқу үдерісімен және ғылыми-инновациялық жетістіктерімен танысты. Қонақтар білім ошағының өткен тарихын баяндап тұрған мұражайға бас сұғып, академияның әр кезеңдегі жетістіктерін көрді. 
Одан кейін делегация мүшелері оқу корпустары мен зертханалық базаларды аралап, студенттерге жасалған жағдайларға, заманауи құралдармен жабдықталған оқу кабинеттері мен зертханалардың мүмкіндіктеріне куә болды. Зертханаларда жүзеге асып жатқан ғылыми жобалар, олардың бағыттары мен жетістіктері шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырды. 
Сапардың маңызды кезеңдерінің бірі «ОҚМА» АҚ ректоры Жанна Серікжанқызымен және профессор-оқытушылар құрамымен өткен ресми кездесу болды. Жылы жүздесу барысында тараптар кәсіби білім мен тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамыту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастыққа ниетті екендіктерін білдірді.
Cardiff университеті мен «ОҚМА» АҚ арасындағы бұл кездесу болашақта жүзеге асатын ірі жобалар мен ортақ жетістіктердің бастауы болмақ.

Пікірлер орны (0)