
Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – халық қазынасы» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Іс-шараға оқу орнының тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы қатысып, еліміздің көпұлтты мемлекет екенін атап өтті. Елімізде әртүрлі ұлт пен ұлыстар бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп жатқанын, олар әртүрлі тілдерді қолданатынын, ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін айтты. Сонымен қатар, мемлекетімізде әр этностың ана тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Бұл мереке – халықтар арасындағы достық пен бірлікті дәріптеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған. Жиында қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін ВМ-МА-14-05 тобының студенті Латофат Сунакбаева шырқаса, В-ФӨТҚА-02-24 тобының студенті Аружан Мият пен В-ФҚБ-01-25 тобының студенті Сымбат Амантай «Ерке сылқым» күйін тамылжыта орындады. Ал, ВМ-СОА-08-25 тобының студенті Әлиасқар Шериев «Көңіл толқыны» күйін шебер шертті. Сонымен қатар, В-ФӨТО-БББ-01-25 тобының студенті Әсел Шамсиддинова «Әлия» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Іс-шара барысында ВМ-МША-01-25 және ВМ-МША-03-24 тобының биші қыздары үнді биін тамаша биледі. Қазақ халқының ақын-жазушыларының тіл туралы өлеңдерін оқыған студенттер де көрермендердің ерекше ілтипатына ие болды.
Жиын соңында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының маманы Гүлнар Асанқызы Есепбаева іс-шараға белсене қатысқандарды «Алғыс хатпен» марапаттады. Мерекелік іс-шара Латофат Сунакбаева орындаған «Тәуелсіз қазақтың қызымын» әнімен аяқталды.