
31 наурыз күні «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-да Тәжірибелік дағдылар орталығының базасында білім алушылар арасында шұғыл жағдайлар бойынша дәстүрлі конкурстың финалдық кезеңі өтті. Конкурс шұғыл медицина және мейіргер ісі кафедрасы тарапынан ұйымдастырылды.
Конкурстың ашылуында медицина факультетінің деканы, шұғыл медицина және мейіргер ісі кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Сейдахметова Айзат Ашимхановна құттықтау сөз сөйлеп, болашақ медицина қызметкерлері үшін практикалық дайындықтың маңыздылығын, шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіру және клиникалық ойлауды дамыту қажеттілігін атап өтті.

Финалдық кезеңге «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 5 курс білім алушыларынан құралған 3 команда қатысты. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды: командалардың таныстырылымы, шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша ситуациялық тапсырмаларды шешу, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу, сондай-ақ шұғыл жағдайлар бойынша викторина.
Конкурс барысында қатысушылар жарақаттар, қан кетулер, уланулар, анафилактикалық шок, көмей стенозы сияқты түрлі шұғыл жағдайлар кезінде медициналық көмек көрсету бойынша теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын, сондай-ақ жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу дағдыларын көрсетті. Ерекше назар шұғыл көмек көрсету алгоритмдерінің дұрыс орындалуына, практикалық дағдыларға және командалық жұмысқа аударылды.
Қатысушылардың жұмысын кафедра профессоры, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог Алдешев Алмас Алдешевич, Тәжірибелік дағдылар орталығының басшысы, шұғыл жағдайлар бойынша эксперт Калменов Нурлан Джуманович, сондай-ақ кафедраның тәжірибелі оқытушыларының бірі, жоғары санатты педиатр дәрігер Султанова Жанат Сарсеновна құрамындағы құзыретті қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасы қатысушылардың теориялық дайындығын, шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмдерінің дұрыс орындалуын, практикалық дағдыларын, клиникалық ойлауын және командалық жұмысын бағалады.
Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Осындай конкурстарды өткізу студенттердің практикалық дайындығын арттыруға, клиникалық ойлауын дамытуға, кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға және болашақ мамандарды шұғыл медициналық көмек көрсетуге даярлауға мүмкіндік береді.