Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «ОҚМА» АҚ-да Педиатрия бойынша...
5 мамыр 2026
1
0
0

«ОҚМА» АҚ-да Педиатрия бойынша Республикалық олимпиада өтеді

«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындарын 2026 жылғы 22 мамырда Шымкент қаласында өтетін Педиатрия бойынша Республикалық олимпиадаға қатысуға шақырады.
Олимпиада болашақ педиатр дәрігерлер үшін маңызды білім беру алаңы болмақ. Қатысушылар өздерінің теориялық дайындығын, клиникалық ойлау қабілетін, практикалық дағдыларын, командалық жұмысын және шығармашылық әлеуетін көрсете алады.
Олимпиаданың мақсаты — білім алушылардың педиатрияға деген қызығушылығын арттыру, кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, сондай-ақ балалар денсаулығын сақтау саласында ғылыми білім мен инновациялық білім беру технологияларын насихаттау.
Олимпиадаға «Педиатрия» білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының командалары шақырылады. Команда құрамына 4–5 курс студенттері және/немесе интерндерден тұратын 5 білім алушы кіреді.
Олимпиада кезеңдері
Олимпиада келесі кезеңдерден тұрады:
I кезең — «Мен – БІЗ команда» бейне-таныстырылым байқауы
Команда өз оқу орнын, қаласын және қатысушыларын таныстырады. Бейнеролик ұзақтығы — 5 минутқа дейін. Форматы: mp4 немесе wmv.
II кезең — тестілеу
III кезең — «Клиникалық жағдайлық тапсырмалар» байқауы
IV кезең — практикалық дағдылар мен визуализация байқауы
V кезең — «Өз ойыны» зияткерлік байқауы
Бейне-таныстырылымды 2026 жылғы 11 мамырға дейін келесі электрондық поштаға жіберу қажет:
📧 kanat-270184@mail.ru
Файл атауы: «Команданың таныстырылымы – ЖОО атауы»
Қатысу үшін қажетті құжаттар:
1. Олимпиадаға қатысуға өтінім;
2. Жеке деректерді өңдеуге келісім;
3. Ректор/проректор қол қойған, ішкі іріктеу нәтижелері көрсетілген ресми хат.
Құжаттар 2026 жылғы 11 мамырға дейін қабылданады.
Қатысушылар тізімі қалыптастырылғаннан кейін ресми шақыру хаттары 2026 жылғы 15 мамырға дейін жолданады.
Өңірден тыс қатысушылар үшін Ұйымдастыру комитеті қарсы алу, Шымкент қаласы бойынша сүйемелдеу және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ барлық медициналық жоғары оқу орындарын Олимпиадаға белсенді қатысуға және білім алушылардың кәсіби дамуына, клиникалық ойлауын жетілдіруге және тәжірибе алмасуға қолдау көрсетуге шақырады.
Ұйымдастыру комитетінің байланыс деректері:
Кемелбеков Қанатжан Сауханбекович — интернатура деканы, «Педиатрия-1» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор.
📧 E-mail: kanat-270184@mail.ru

Пікірлер орны (0)