Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «ОҚМА» АҚ ректоры марапат иеле...
2 сәуір 2026
1
0
0

«ОҚМА» АҚ ректоры марапат иелерін қабылдады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жастар форумы өтті. Ауқымды іс-шара елімізде жуырда өткен референдумның мәні мен маңызын талқылауға арналды.
Форумға еліміздің медициналық бағыттағы жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен студенттері қатысты. Қатысушылар қатарында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жанындағы медицина колледжінің ЖББП кафедрасының меңгерушісі А.Т. Сатаев және оқу орнының ректоры Асқар Мерей Еламанқызы бастаған бірқатар белсенді студенттер болды.
Өз кезегінде Амангелді Тойболұлы референдум арқылы Ата заңымызға енгізілген өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесіне, соның ішінде денсаулық сақтау саласына тигізетін оң ықпалы жайлы баяндама жасады. Сондай-ақ, еліміздегі саяси науқан кезінде белсенділік танытып, денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін А.Т. Сатаев «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Іс-шара барысында жастардың құқықтық сауатын арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, патриоттық құндылықтарды нығайтуға да басымдық берілді. Форумға қатысқан белсенді студенттерге ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атынан Алғыс хаттар табысталды. Құттықтау мәтінінде медициналық жоғары оқу орындарының студенттері – болашақ білікті мамандар екені атап өтіліп, олардың білімі, жауапкершілігі мен азаматтық көзқарасы отандық денсаулық сақтау жүйесінің дамуына тікелей әсер ететіні айтылған. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға және жас мамандардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп отырғаны да тілге тиек етілген.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Сейтжанова форумға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген А.Т. Сатаев пен белсенді студент жастарды арнайы қабылдады. Кездесу барысында ректор марапат иелерін құттықтап, олардың қоғамдық белсенділігі мен кәсіби дамуға деген ұмтылысын жоғары бағалады. Сонымен қатар, білім алушылардың бастамаларын қолдау академияның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Пікірлер орны (0)