Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «ОҚМА» АҚ түлектері ауқымды бо...
23 қыркүйек 2026
1
0
0

«ОҚМА» АҚ түлектері ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты

2026 жылғы 22 қыркүйекте Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп, оған қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарының бітіруші курс студенттері мен түлектері, жұмыс іздеуші азаматтар, мансап орталықтарының өкілдері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ түрлі саладағы жұмыс берушілер қатысты.
Жәрмеңке барысында қатысушыларға бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, еңбек жағдайлары, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіби даму бағыттары туралы кең көлемде ақпарат ұсынылды. Іс-шара жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берген тиімді алаңға айналды.
«Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-ның бітіруші түлектері жәрмеңкеге белсенді қатысып, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының өкілдерімен, сондай-ақ Шымкент қаласындағы бірқатар емханалар, ауруханалар және фармацевтикалық ұйымдардың өкілдерімен тікелей сұхбат жүргізді. Кездесулер барысында бос жұмыс орындары, мамандарға қойылатын талаптар, өңірлердегі кадрларға қажеттілік және жұмысқа орналасу перспективалары талқыланды.
Іс-шараға «ОҚМА» АҚ атынан клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор, профессор Нұрмашев Б.Қ., Мансап бөлімінің меңгерушісі Юнусметов Э.Ш., сондай-ақ кафедралардағы бітірушілерге жауапты жетекшілер қатысты. Академия өкілдері жұмыс берушілермен түлектерді жұмыспен қамту, медициналық кадрларға сұраныс және алдағы ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Жәрмеңке барысында Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбеков іс-шара алаңын аралап, жұмыс берушілер мен қатысушылардың жұмысымен танысты.
Осындай ауқымды іс-шаралар бітірушілер мен түлектерге еңбек нарығындағы нақты сұранысты бағалауға, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға және болашақ жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік береді. «ОҚМА» АҚ түлектердің жұмыспен қамтылуын қолдау және жұмыс берушілермен өзара байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.

Пікірлер орны (0)