
2026 жылғы 27 наурызда «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-да 2026 жылғы бітіруші түлектерге арналған медициналық ұйымдардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал ету, жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында тікелей байланыс орнату, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын азайтуға үлес қосу болып табылады.
Жәрмеңкенің ашылуында «ОҚМА» АҚ клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас мамандарды жұмысқа орналастырудың, оларды өңірлерде бекітудің және медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара аясында клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор, профессор Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлының модераторлығымен пленарлық отырыс өтті. Пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасының түрлі өңірлерінен келген медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Баяндамаларымен Қостанай облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері - Аленова Карлыгаш Каратаевна, Талдықорған қаласының №2 қалалық емханасы директорының орынбасары - Әбдуалиев Азат Исатаевич, Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасының бөлім меңгерушісі - Омаров Виталий Александрович, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдардың адами ресурстарын басқару бөлімінің басшысы - Муратова Салтанат Адилбековна және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша департаментінің медицина қызметі майоры - Абдыкалыков Нурлыбек Жайлауович сөз сөйледі. Сонымен қатар, «ОҚМА» АҚ Мансап бөлімінің меңгерушісі Юнусметов Элдор Шавкатович академия бітірушілерінің кәсіптік қызметін мониторингтеу бойынша баяндама жасап, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері және академияның жұмыс берушілермен өзара іс-қимылы туралы ақпарат ұсынды.
Атап айтқанда, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Жетісу облыстарының, медициналық қызмет өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Павлодар облыстарының медициналық ұйымдары онлайн форматта қатысып, өздерінің бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынды.
Жәрмеңке барысында бітіруші түлектер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, алдын ала сұхбаттан өтіп, бос жұмыс орындары, еңбек жағдайлары, әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алды. Бос орындар жәрмеңкесі жұмыс берушілер мен бітіруші түлектер арасындағы тиімді диалог алаңы болып табылады. Аталған іс-шара жас мамандарды жұмысқа орналастыруға, оларды өңірлерге тартуға және денсаулық сақтау саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.