Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА базасында шетелдік студен...
30 наурыз 2026
1
0
0

ОҚМА базасында шетелдік студенттердің өндірістік практикасы

Фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы және Фармация ғылыми зерттеу орталығының базаларында А.К. Ахунбаев атындағы ҚММА-ның 5 курс білім алушылары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Дәрілік заттардың сапасын бақылау және стандарттау» тақырыбында өндірістік практикадан өтті. Практика барысында студенттер алдын ала бекітілген оқу-жоспарға сәйкес күн сайын дәрістер, мастер-кластар және зертханалық сабақтарға белсенді қатысты.
Бағдарлама аясында білім алушылар академия құрылымымен, фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының қызметімен, сондай-ақ оқу-ғылыми зертханалардың және Фармация ғылыми зерттеу орталығының заманауи жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар, «Дәрілік заттардың сапасын, тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі фармакопеялық талаптар» тақырыбындағы мастер-кластарға қатысып, фармакопеялық стандарттардың маңызын терең түсінді.


Тәжірибе барысында студенттер әртүрлі дәрілік заттарға фармакопеялық талдау жүргізді. Атап айтқанда, никотин қышқылы, папаверин гидрохлориді, токоферол ацетаты субстанцияларына, метилурацил жағар майына, парацетамол суппозиторийлері және цианокобаламин ерітіндісі сияқты препараттардың сапасын бағалау бойынша зертханалық жұмыстар орындады. Сонымен қатар, химиялық (нитритометрия, йодометрия, бейтараптау т.б. әдістері), физика-химиялық әдістер (спектрофотометрия, фотоколориметрия, жұқа қабатты хроматография, жоғары эффективті сұйықтық хроматография, рефрактометрия, поляриметрия т.б. әдістері) тәсілдері тәжірибеде қолданылды.


Дәрістер барысында студенттер ЕАЭО фармакопеясының құрылымы мен ерекшеліктерін, in silico технологиялары арқылы дәрілік заттарды жобалау мүмкіндіктерін, гетероциклді қосылыстар синтезінің әдістерін және өндірістік фармацевтикадағы сапаны бақылау жүйесін меңгерді. Практика соңында қорытынды жасалып, білім алушыларға сертификаттар табысталды. Бұл тәжірибе олардың кәсіби білімін нығайтып, болашақта білікті маман ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік берді.
Тәжірибе барысында студенттер Шымкент қаласының көрнекті тарихи-мәдени нысандарымен танысып, қаланың әлеуметтік және ғылыми инфрақұрылымын зерттеді. Білім алушылар тәжірибеден өтуге жасалған жағдайларға, кафедраның заманауи жабдықтармен жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі мен тамаша жатақханадағы жасалған жағдайы үшін Академия ректоры Сейтжанова Ж.С.-ға шынайы алғыстарын білдірді!

Пікірлер орны (0)