
2026 жылғы 13 маусымда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында (ОҚМА) «Инсультпен ауыратын пациенттерді жүргізудің заманауи стратегиялары» атты өңірлік ғылыми-практикалық конференция өтті. «Aidana Plaza Hotel» базасында гибридті онлайн форматта ұйымдастырылған іс-шара Қазақстанның жетекші неврологтарын, нейрохирургтарын, кардиологтарын және реабилитологтарын бір алаңға жинады. Ауқымды медициналық форумның ұйымдастырушылары ОҚМА-ның Неврология, психиатрия, реабилитология және нейрохирургия кафедрасы мен «Оңтүстік Қазақстан неврологтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі болды.
Конференцияны Қауымдастық төрайымы, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс неврологы, ОҚМА-ның бейінді кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Назира Асанқызы Жаркинбекова ашты. Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ол инсульттен кейінгі жағдайларды емдеу мен оңалтудың бірыңғай пәнаралық тәсілдерін қалыптастыру отандық денсаулық сақтау жүйесі үшін аса маңызды міндет екенін атап өтті.
Конференция бағдарламасы науқастарға көмек көрсетудің барлық кезеңдерін қамтитын үш негізгі тақырыптық секцияға бөлінді:
1. Инсульттің жедел кезеңі
Бұл секцияда республикалық деңгейдегі беделді мамандар баяндама жасады. Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс кардиологы Г. Ш. Әліпова жүрекшелер фибрилляциясы кезінде инсульттің алдын алу мәселелеріне тоқталды. «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ (Астана қ.) нейрохирургы С. Р. Дүйсембаев тромбэкстракциядан кейінгі науқастарды кешенді жүргізу туралы жан-жақты баяндама ұсынды. Реперфузиялық терапия қағидаттары мен транзиторлық ишемиялық шабуылдардың дифференциалды диагностикасы мәселелерін Астана қаласындағы №2 көпсалалы аурухананың инсульт орталығының жетекшісі А. А. Юсупова және профессор Н. А. Жаркинбекова талқылады. Семіздік пен қант диабеті кезіндегі коморбидті қауіптер туралы ОҚМА ассистенті Н. А. Есенбекова баяндады.
2. Ерте қалпына келтіру және нейрооңалту
Секцияны Қазақстан-Ресей медицина университетінің (Алматы қ.) Дипломнан кейінгі білім беру институтының «Неврология және нейрооңалту» курсының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты А. С. Құдайбергенова және ОҚМА қауымдастырылған профессоры Г. У. Туқсанбаева жүргізді. Баяндамашылар ерте постишемиялық кезеңдегі заманауи терапиялық тәсілдерді талдап, оңалту әлеуетінің мүмкіндіктері мен шектеулерін айқындады.
3. Практикалық шешімдер және клиникалық тәжірибе
ОҚМА профессорлық-оқытушылық құрамының өкілдері – доцент Г. А. Мустапаева және профессор Н. А. Жаркинбекова постинсульттік астения, когнитивтік бұзылыстар және спастикалық синдром сияқты нейрооңалтудың жасырын кедергілерін талқылады.

Конференцияның практикалық бөлімі академиялық қауымдастықтың ерекше қызығушылығын тудырды. Оның аясында «Сұңқар Premium» клиникасының нейрорадиологы В. Ш. Навесова жедел ми қанайналымы бұзылыстарының сәулелік диагностикасы бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар тәжірибелі менторлардың жетекшілігімен академия резиденттері (Ақжол Д., Жанадилов С., Мұратұлы Қ.) дайындаған нақты клиникалық жағдайларды интерактивті талдау білім беру бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.
Іс-шара соңында ашық пікірталас ұйымдастырылып, тәжірибелік дәрігерлер мен білім алушылар өзекті сұрақтарға жауап алып, дәрігерлердің кәсіби күйзелісі мәселесін де талқылады. Конференция қатысушыларға атаулы сертификаттарды салтанатты түрде табыстаумен аяқталды. Ұйымдастыру комитеті форумды өткізуге қолдау көрсеткен серіктестерге шынайы алғысын білдірді.
Өткен конференция ОҚМА-ның медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруға және Қазақстанның практикалық денсаулық сақтау жүйесіне озық емдеу хаттамаларын енгізуге белсенді ықпал ететін өңірдегі ең ірі ғылыми-білім беру және үйлестіру орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.