Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА-да өңірлік мансап орталық...
24 сәуір 2026
1
0
0

ОҚМА-да өңірлік мансап орталықтарының өкілдерімен кездесу өтті


2026 жылдың 24 сәуірінде «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ-да өңірлік еңбек мобильділігі орталықтарының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласының орталық басшылары мен өкілдері, сондай-ақ академия басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, интернатура және резидентура деканатының қызметкерлері, мансап бөлімінің меңгерушісі мен менеджерлері және интернатура мен резидентура түлектері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылау, өңірлердегі кадрлық қажеттілікті айқындау және жас мамандарды еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту болды.
Кездесудің ашылуында «ОҚМА» АҚ клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, профессор Нұрмашев Бекайдар Қалдыбайұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде өңірлік мансап орталықтарымен тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, түлектерді жұмысқа орналастыру білім беру ұйымының басым бағыттарының бірі екенін жеткізді.
Баяндамалармен сөз сөйлегендер: Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының директоры – Бибулаев Нұрлан Төлеуұлы, Шығыс Қазақстан облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры – Есімбекова Арайлым Керімбекқызы, Ұлытау облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры – Қойшыбаев Айдар Саятұлы, Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары – Толыбаев Бекзат Рахманқұлұлы. Өз баяндамаларында спикерлер өңірлік еңбек нарығының қазіргі жағдайы, медициналық кадрларға деген қажеттілік, жұмыспен қамту тетіктері, сондай-ақ жас мамандарға көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынды.

Кездесу барысында қатысушылар өңірлердегі еңбек нарығының ахуалы, кадр тапшылығы, жұмысқа орналастыру жолдары және жас мамандарды қолдау мәселелерін жан-жақты талқылады.
Тараптар ақпарат алмасуды жүйелеу, бірлескен бастамаларды іске асыру және түлектерді жұмысқа орналастыру тиімділігін арттыру бағытындағы ынтымақтастықтың келешегін қарастырды. Кездесу қорытындысы бойынша білім беру ұйымы мен өңірлік мансап орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, түлектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және кадр даярлау сапасын арттыру бойынша кешенді шараларды жалғастыру қажеттілігі атап өтілді.

Пікірлер орны (0)