Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары ОҚМА қызметкері ҚР Ұлттық ғылы...
16 қыркүйек 2026
1
0
0

ОҚМА қызметкері ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің құрамына енді

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Фармация факультеті, Дәрілер технологиясы және фармация ісін ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент м.а. Рахымбаев Нұрғали Аманбайұлы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің құрамына енді.
Жас ғалымдар кеңесі – еліміздің жас зерттеушілерінің ғылыми әлеуетін дамытуға, олардың бастамаларын қолдауға және ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған консультативтік-кеңесші алаң.
Нұрғали Аманбайұлы фармацевтика ғылымы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дәрілік өсімдіктерді зерттеу, фармацевтикалық технология, дәрілік заттарды әзірлеу және фармация ісін ұйымдастыру бағыттарында еңбек етіп келеді. Фармация ісін ұйымдастыру саласында дәрілік заттарды ұтымды пайдалану, соның ішінде үй жағдайында жинақталған жарамсыз және қолданылмайтын дәрілік заттарды қауіпсіз жинау мен жоюды ұйымдастыру мәселелерін зерттеуге және осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға үлес қосуда. Сонымен қатар, жас зерттеушілерді ғылымға тартуға және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысуда.
ОҚМА қызметкерінің республикалық деңгейдегі Жас ғалымдар кеңесінің құрамына енуі – Академияның ғылыми әлеуеті мен жас зерттеушілерінің белсенділігін айқындайтын маңызды жетістік.
Нұрғали Аманбайұлын құттықтай отырып, Жас ғалымдар кеңесіндегі қызметіне табыс, жаңа ғылыми бастамаларына сәттілік және ғылыми-зерттеу жұмыстарына толағай жетістіктер тілейміз!

Пікірлер орны (0)