Халықаралық қатысумен өткізілген органикалық химия бойынша Бүкілресейлік олимпиада - И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университеті жанындағы А.П. Нелюбин атындағы Фармация институты ұйымдастыратын дәстүрлі имидждік іс-шара болып табылады. Биыл бұл байқау он бірінші рет өткізіліп, Ресейдің және шетелдердің 100-ден астам студенттерін біріктірді. Олимпиадаға «Фармация», «Биотехнология», «Медициналық биохимия», «Стоматология», «Педиатрия» және «Емдеу ісі» білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын студенттер қатысты. 2026 жылғы олимпиадаға шетелдік студенттер де белсенді қатысты, олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Габон, Зимбабве, Иран және Ливан елдерінің өкілдері болды. Студенттік олимпиадаға дәстүрлі түрде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы фармация факультетінің 4 курс студенттері фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасы оқытушыларының жетекшілігімен қатысты.

Байқау бағдарламасының ашылуына А.П. Нелюбин атындағы Фармация институтының білім беру департаментінің жетекшісі Людмила Король бастамашы болды. Ол өз сөзінде: «Фармацияның шыңы - технология, бірақ бәрі молекуладан басталады. Дәрілік препараттың белсенді молекуласы химиялық жолмен немесе компьютерлік модельдеу арқылы жасалса да, дәрінің тиімділігі, тұрақтылығы және қауіпсіздігі үшін жауапкершілік химик маманға жүктеледі» - деп атап өтті.

Биылғы жылы дайындықтың ең жоғары деңгейін М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург химия-фармацевтикалық университеті және Сеченов университеті білім алушылары көрсетті. Олимпиада жеңімпаздарының қатарына біздің студент Нұржанбек Еркебұлан кірді. Ал оның курстастары Жахонгир Вахапов пен Бибіжамал Акбердиева жүлдегер атанды.

Студенттердің пікірінше, олимпиада кезеңдерін ұйымдастыру креативті әрі дәстүрден тыс тәсілмен ерекшеленді. Қатысушыларға органикалық химия бойынша терең білімді ғана емес, сонымен қатар логикалық ойлауды және ситуациялық есептерді шешу қабілетін талап ететін тапсырмалар ұсынылды. Сонымен қатар, химия ғылымының тарихы мен оның заманауи жетістіктері жөніндегі жақсы дайындықты қажет ететін сұрақтар да қамтылды. Білім алушылар сұрақтар фармацевтикалық химия, токсикологиялық химия, фармакология, фармакогнозия және фармацевтикалық технология сияқты бейіндік пәндер бойынша интеграцияланған білімді талап еткенін атап өтті.
Жеңімпаздарымызды, жүлдегерлерімізді және олардың жетекшілерін осындай беделді халықаралық олимпиадаға сәтті қатысуларымен құттықтаймыз, жетілдірілген ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде оларға оқуда табыс тілейміз!