
2026 жылғы 5–14 қазан аралығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Педиатрия-1 кафедрасында жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту, білім беру сапасын арттыру және болашақ медицина мамандарының кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ВМ-МҚА-14-23 тобынан академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келген 10 білім алушыға «Балалар хирургиясы» пәні бойынша оқу сабақтары ұйымдастырылды.
Академиялық ұтқырлықтың негізгі мақсаты – білім алушылардың балалар хирургиясы саласындағы теориялық білімдерін тереңдету, клиникалық ойлау қабілеттерін жетілдіру, хирургиялық ауруларды диагностикалау және емдеу қағидаттарын меңгерту, сондай-ақ практикалық дағдыларын дамыту.
Оқу процесі пәннің бекітілген оқу бағдарламасына сәйкес жүргізілді. Білім алушылар кафедраның оқу процесін ұйымдастыру ерекшеліктерімен, академиялық адалдық қағидаттарымен және білімді бағалау талаптарымен таныстырылды.
Практикалық сабақтар барысында балалар жасындағы хирургиялық аурулардың этиологиясы, патогенезі, клиникалық көріністері, диагностикасы, дифференциалды диагностикасы және емдеу тактикасы қарастырылды.
Сабақ барысында білім алушылардың клиникалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында тақырыптық науқастарды талдау, клиникалық кейстерді шешу, ситуациялық тапсырмаларды орындау, ауызша сұрау, тестілеу және интерактивті оқыту әдістері қолданылды.
Аталған академиялық ұтқырлық екі жоғары оқу орны арасындағы білім беру тәжірибесімен алмасуға, академиялық байланыстарды нығайтуға және білім алушылардың кәсіби дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.
Алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында серіктес жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жалғастыру, бірлескен білім беру және ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушылардың кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылады.