
«Қарттарым – асыл қазынам» атты игі іс-шара аясында ОҚМА Отбасылық медицина кафедрасының ұйымдастыруымен 09-26 ІТҚ интерн-дәрігерлері тәлімгері – жоғары санатты дәрігер Күмісай Аташовамен бірге тыл ардагері Айсұлу Оспанова апамыздың шаңырағына арнайы барып, денсаулығына дәрігерлік бақылау жүргізіп қайтты.
Апамыз ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында дүниеге келіп, сол кезеңнің бар ауыртпалығын тылдағы елмен бірге көтеріп өскен жан. Жастайынан қиындықты көріп, ел еңсесін тіктеуге өз үлесін қосты және саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнады.
Сапар барысында апамыздың жалпы денсаулық жағдайы бағаланып, шағымдары тыңдалды. Бұған дейінгі зертханалық және аспаптық тексеру нәтижелері қаралып, қажетті медициналық кеңестер берілді. Денсаулық жағдайына сәйкес ем тағайындалып, дәрі-дәрмектерді қабылдау тәртібі түсіндірілді.
Біз үшін бұл кездесу – тек медициналық көмек көрсету ғана емес, ел үшін еңбек еткен ардақты жандарға құрмет көрсетіп, олардың өмір жолынан өнеге алу мүмкіндігі болды.
Қарттарымыз – тарихымыздың тірі куәсі, ұрпаққа үлгі болатын асыл қазынамыз. Олардың батасы мен өнегесі – кейінгі буын үшін баға жетпес мұра.
Қадірлі Айсұлу апамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір мен отбасылық амандық тілейміз.