Войти
Басты бет Академия жаңалықтары «Қазақ тілінің білімпазы» олим...
11 маусым 2025
8
0
0

«Қазақ тілінің білімпазы» олимпиадасы – тілге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі

2025 жылдың 10 маусым күні Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында қазақ, орыс және латын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен шетелдік білім алушылар арасында қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Қазақ тілінің білімпазы» атты олимпиада өтті.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – шетелдік студенттердің қазақ тілін меңгеруге деген ынтасын арттырып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттау болды. Олимпиаданың ашылу рәсімінде оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Қалтұрсынұлы тіл үйренудің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олимпиадаға алты топ қатысып, қатысушылар бес турдан тұратын байқауда өз білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Алғашқы турда студенттер өздерін қазақ тілінде таныстырып, екінші турда түрлі сұрақ-жауаптар арқылы тілдік білімдерін көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар шығармашылық қабілеттерін де көрсетіп, қазақтың әні мен биін, мәнерлеп оқу өнерін паш етті.
Қазылар алқасы құрамында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Қалдыбаева Гүланар Анарбекқызы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Д.Темірбекова және академияның жастар ісі бөлімінің маманы Жанна Қамбарова болды.
Қатысушылардың белсенділігі мен талпыныстары жоғары бағаланып, олардың арасында «Жұлдыз жарығы» тобы І орынға, «Қазына тілі» тобы ІІ орынға, «Көшбасшы» және «Дәрігер» топтары ІІІ орынға ие болды.
Олимпиада соңында барлық қатысушыларға естелік ретінде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы мен қара сөздері жазылған кітаптар сыйға тартылды. Бұл іс-шара шетелдік студенттер үшін тек білім сайысы ғана емес, сонымен қатар, қазақ тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікті оятатын тағылымды кеш болды.

Пікірлер орны (0)