Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Қазақстан клиникалық фармаколо...
27 қазан 2026
1
0
0

Қазақстан клиникалық фармакологтарының VI конгресі өтті

2026 жылғы 22–23 қазанда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында фармакология, фармакотерапия және клиникалық фармакология кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының 35 жылдығына арналған, халықаралық қатысумен Қазақстан клиникалық фармакологтарының VI конгресі өтті.

Конгресс Қазақстанның, ТМД елдерінің, жақын және алыс шетелдердің ғалымдарын, клиникалық фармакологтарын, практик дәрігерлерін, оқытушылары мен кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктірді. Іс-шараға Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және АҚШ мамандары қатысты. Отырыстар офлайн және онлайн форматтарда өтіп, халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік берді.

Конгрестің салтанатты ашылуы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Жанна Серікжанқызы Сейтжанованың құттықтау сөзімен басталды. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Муратович Муратов та құттықтау сөзін арнады.

Пленарлық отырыста фармакогенетикалық тестілеуді енгізу, дәрілік саясатты жетілдіру, дербестендірілген дәрілік қамтамасыз ету, фармакологиялық қадағалау мен клиникалық зерттеулерді дамыту мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды. Пациенттердің қауіпсіздігіне, дәрілік терапияның тәуекелдерін басқаруға және клиникалық практикада цифрлық технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды.

Секциялық отырыстар үш негізгі бағытты қамтыды: инфекцияға қарсы препараттарға жаһандық төзімділік жағдайындағы ұтымды микробқа қарсы терапия; клиникалық практикадағы ұтымды фармакотерапия; жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдана отырып, стационарда қауіпсіз фармакотерапияны және дәрілік қамтамасыз етуді басқару.

Бағдарламаның маңызды бөлігі студенттер, резиденттер мен жас ғалымдар қатысқан жас зерттеушілер байқауы болды. Ұсынылған жұмыстар дәрілік заттардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне, антибиотиктерді ұтымды қолдануға, фармакоэкономикаға және дәрілік қамтамасыз етуді оңтайландыруға арналды. Дөңгелек үстел аясында қатысушылар «Антибиотиктерді енгізер алдындағы тері сынамалары: қауіпсіздік стандарты ма, әлде қайта қарауды қажет ететін тәжірибе ме?» тақырыбын талқылады.

Конгресс ғылыми нәтижелер мен практикалық тәжірибе алмасуға, халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстандағы клиникалық фармакология мен клиникалық фармацияның даму перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Пікірлер орны (0)