Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Қазақстан Республикасының меди...
8 мамыр 2026
1
0
0

Қазақстан Республикасының медициналық кадрларды дайындау жүйесіндегі алдағы өзгерістер бойынша түсіндірме


Құрметті білім алушылар, ата-аналар және әріптестер!
Қазақстан Республикасының медициналық кадрларды дайындау жүйесіндегі талқыланып жатқан өзгерістерге байланысты бүгінгі таңда медициналық жоғары оқу орындарының студенттерін толғандыратын мәселелер бойынша түсіндірме беруді қажет деп санаймыз.
2026 жылдан бастап дәрігерлерді дайындаудың жаңартылған моделін енгізу жоспарлануда. Бұл модель практикалық дайындықты күшейтуге, түлектердің клиникалық дағдыларының сапасын арттыруға және базалық медициналық білім беру, интернатура мен резидентура кезеңдерін нақты ажыратуға бағытталған. Жаңа модель медициналық жоғары оқу орнында 6 жыл оқуды және 1 жыл интернатураны қарастырады. Жаңа жүйе бойынша алғашқы түлектерді шығару 2033 жылға жоспарланып отыр.
Аталған өзгерістер, ең алдымен, 2026 жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерге қатысты болады. Қазіргі уақытта білім алып жатқан студенттер үшін дайындау шарттары мен әрі қарайғы білім беру траекториясы қолданыстағы білім беру бағдарламалары мен нормативтік талаптарға сәйкес сақталады.
2026 жылдан бастап оқуға түсетін талапкерлер үшін дәрігер дайындау келесі модель бойынша жүзеге асырылады: жоғары оқу орнында 6 жыл оқу + 1 жыл интернатура. Осы дайындықты аяқтағаннан кейін түлекке:
- дәрігер ретінде кәсіби қызметті бастауға, оның ішінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде, сондай-ақ түсіндірмелерге сәйкес стационарлық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуге;
- бейінді дәрігерлік мамандық алу үшін резидентурада оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – «дәрігер-интерн» мәртебесінің енгізілуі. Бұл интерннің жай ғана студент емес, базалық клиникалық дағдылары бар, тәлімгердің жетекшілігімен жұмыс істейтін және белгілі бір деңгейде кәсіби жауапкершілік көтеретін маман ретінде қарастырылатынын білдіреді.
2021 жылы оқуға түскен білім алушылар қолданыстағы «5+1» моделі бойынша білім алуды жалғастырады, яғни: 5 жыл базалық медициналық дайындық + 1 жыл интернатура. Студенттердің бұл санаты үшін оқу шарттары, дайындықты аяқтау мерзімдері және әрі қарайғы траектория өзгеріссіз қалады. Интернатураны аяқтағаннан кейін түлектер белгіленген тәртіппен дәрігер ретінде жұмысқа орналаса алады немесе резидентураға түсе алады. Осы санаттағы түлектердің күтілетін бітіру жылы - 2027 жыл.
2022–2025 жылдары үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру (ҮИМБ) бағдарламалары бойынша оқуға түскен білім алушылар 6 жылдық модель аясында білім алуды жалғастырады. Студенттердің бұл санаты үшін практикалық құрамдас бөлік күшейтіліп, клиникалық дайындық көлемі мен оқу сағаттары арттырылған. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер:
- алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде жұмыс істеуге;
- немесе резидентурада оқуын жалғастыруға құқылы болып қалады.
Осылайша, қазіргі студенттер үшін маңыздысы - оқу ұзақтығы мен болашақ кәсіби жолдың негізгі мүмкіндіктері олардың оқуға түсу шарттары мен білім беру бағдарламасы шеңберінде сақталатынын түсіну.
Алдағы өзгерістердің басты мақсаты - тек оқу мерзімдерін өзгерту емес, медициналық жоғары оқу орны түлегінің дербес кәсіби қызметке практикалық дайындығын арттыру. Жаңа модель келесілерге бағытталған:
- базалық және клиникалық практиканы күшейту;
- тұрақты практикалық дағдыларды қалыптастыру;
- клиникалық ойлауды дамыту;
- болашақ дәрігердің жауапкершілігін арттыру;
- оқудан кәсіби қызметке өтуді біртіндеп қамтамасыз ету;
- әрі қарайғы траекторияны - жұмыс немесе резидентураны саналы таңдауға жағдай жасау.
Жаңа жүйеде интернатура тәлімгердің жетекшілігімен өтетін, нақты медициналық практикаға тартуды және медициналық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікті қамтитын дәрігер дайындаудың толыққанды клиникалық кезеңіне айналуы тиіс.
Резидентура кәсіби дайындаудың келесі тереңдетілген кезеңі ретінде сақталады. Ол клиникалық бағыттар бойынша әрі қарай мамандануды таңдаған түлектерге арналған болады. Яғни, дәрігердің базалық дайындығы мен интернатура кәсіби қызметті бастауға дайындықты қамтамасыз етуі тиіс, ал резидентура медицинаның нақты бағыты бойынша тереңдетілген мамандануды қамтамасыз етеді.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы - медициналық жоғары оқу орны ретінде жаңартылған модельге көшудің білім алушылар үшін түсінікті, бірізді және қауіпсіз болуы мақсатында барлық қажетті ұйымдастырушылық, академиялық және түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Студенттер үшін ең бастысы: қазіргі білім беру траекториялары сақталады, ал барлық өзгерістер кезең-кезеңімен және тек ресми түрде бекітілген нормативтік шешімдер негізінде енгізіледі.

Пікірлер орны (0)