Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары «ҚР Жаңа Конституциясы: маңызы...
13 мамыр 2026
1
0
0

«ҚР Жаңа Конституциясы: маңызы, реформалары және қоғамдық таңдауы»

2026 жылғы 6 мамырда Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жанысбеков М.А. кафедра оқытушыларымен және ВМ-МОАБ-06,07-24 тобының студенттерімен бірлесіп «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: маңызы, реформалар және қоғамдық таңдау» тақырыбындағы мазмұнды әрі өзекті дәріске қатысты.
Дәріс барысында конституциялық реформалардың мәні мен негізгі бағыттары жан-жақты қарастырылып, сондай-ақ жастар арасында сыни ойлауды, құқықтық мәдениетті және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекет пен қоғам дамуының маңызды кезеңіне айналды. Конституциялық реформалар демократиялық қағидаттарды нығайтуға, азаматтардың ел басқару ісіндегі рөлін арттыруға және мемлекеттік билік жүйесін жетілдіруге бағытталды. Негізгі өзгерістердің бірі — әділеттілік қағидатының күшеюі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кеңеюі, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің артуы болды.
Конституциялық реформаларды қолдаған қоғамдық таңдау халықтың саяси жүйені жаңғыртуға және Әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысын көрсетті. Жаңа Конституция азаматтық қоғамның дамуына, құқықтық мәдениеттің қалыптасуына және ел заңдарына деген құрметтің артуына ықпал етеді. Әсіресе жастар мен студенттер үшін бұл реформалардың маңызын түсіну аса маңызды, өйткені жас ұрпақ — мемлекеттің болашағы әрі қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы.
Қорытындылай келе, Конституцияны зерделеу сыни ойлауды дамытуға, саяси және әлеуметтік үдерістерді талдай білу қабілетін қалыптастыруға, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды нығайтуға көмектесетінін атап өткен жөн. Өз құқықтары мен міндеттерін терең түсіну қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілік сезімін тәрбиелейді. Осылайша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы — елдің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығын және демократиялық дамуын нығайтудың маңызды құралы болып табылады.

Пікірлер орны (0)