Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Республика күніне арналған мер...
22 қазан 2026
1
0
0

Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өтті

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Республика күніне орай мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиында оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Сәлім Ербол Қалтұрсынұлы «ОҚМА» АҚ ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызына «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің салаға қосқан үлесі үшін» медалін табыстады.


«ОҚМА» АҚ ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызы өз сөзінде биыл тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтетінімізге тоқталып, осы жылдар ішінде еліміздің жас мемлекеттен әлемге танылған, бейбітшілік пен келісімді ту еткен қуатты елге айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының отандық медицина мен ғылым саласының дамуына қосып келе жатқан үлесін айтып, ұжымға ізгі тілегін жеткізді. 


Мерекелік жиында Хирургия және онкология кафедрасының ассистенті Юсупов Амангелді Мамайұлы — «Еңбек ардагері» медалімен;
Кадрлық қызмет бөлімінің меңгерушісі Елеусізова Гүлсара Лесқызы және Инженерлік пәндер кафедрасының меңгерушісі Гүлбаги Орымбетова — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен;
Акушерия және гинекология кафедрасының ассистенті Гүлмира Акбердиева және Жалпы білім беретін пәндер кафедрасының оқытушысы Тілепбаева Айжамал Қадырқызы — ҚР Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хатымен;
Оқу-әдістемелік орталығының басшысы Долтаева Бибігүл Зайдуллақызы — «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен;
Медициналық биофизика және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Иванова Марина Борисовна — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен;
Қазақстан тарихы, әлеуметтік-қоғамдық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Бекқұлова Ақмарал Атығайқызы — «Тіл жанашыры» Құрмет дипломымен;
Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Умида Хасанова — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғысымен марапатталды.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шара барысында оқу орнының бірқатар қызметкеріне академияның құрылтайшысы, техника ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі, профессор Сейтжанов Серікжан Сейтжанұлы мен «ОҚМА» АҚ ректоры Сейтжанова Жанна Серікжанқызының арнайы Алғыс хаты табысталды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікірлер орны (0)