
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Ғылым күніне орай ұйымдастырылған Ғылым апталығы жоғары деңгейде өтті. Апталық аясында «SCIENCE BATTLE» атты зияткерлік сайыс өткізілді.
Аталған сайыстың басты мақсаты – ғылыми мәдениетті дамыту, оқытушылар мен білім алушылар арасындағы командалық қарым-қатынасты ынталандыру, сондай-ақ ғылымды қызықты әрі қолжетімді түрде насихаттау.
Зияткерлік сайысқа профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылардан құралған 7 команда қатысты. Сайыс бағдарламасы бірнеше кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде қатысушылар ғылыми қойылым немесе бейнеролик арқылы өз кафедраларының ғылыми жетістіктерін креативті түрде таныстырды. Одан кейін Kahoot платформасында жылдамдық пен тапқырлықты талап ететін интеллектуалдық тур өтті. Келесі кезеңде «Өз ойыным» викторинасы ұйымдастырылып, телевизиялық ойын форматы бойынша қатысушылардың білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілеті сыналды. Соңғы, шешуші кезең – көшбасшылар сайысы болды. Бұл кезеңде финалға шыққан командалардың көшбасшылары өзара бақ сынады.
Сайыс барысында қатысушылар өздерінің білімдерін, тапқырлықтарын, креативті ойлау қабілеттерін және ғылымға деген қызығушылықтарын айқын көрсетті. Іс-шара ғылымды дәріптеуге, академиялық ортадағы ынтымақтастықты нығайтуға және жастардың ғылыми ізденіске деген ынтасын арттыруға зор ықпал етті.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей анықталды:
І орын – SMART TEAM
ІІ орын – Invictus
ІІІ орын – Scientist
Сонымен қатар, сайыс аясында келесі номинациялар бойынша үздіктер анықталды:
Үздік ғылыми қойылым – ең тартымды әрі әсерлі көрініс үшін;
Ең білімді команда – викторина барысында ерекше тапқырлық танытқан топқа;
Кемеңгер көшбасшы – финалдық кезеңде үздік көшбасшылық шеберлік көрсеткен қатысушыға;
Көрермендер таңдауы – креативтілігі мен тапқырлығы арқылы көрермен ықыласына бөленген командаға табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.