
2026 жылғы 22–30 маусым аралығында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында «Семей медицина университеті» КеАҚ-ның «Инфекциялық аурулар (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша 2-курс резиденттері Алтынғазина Жансая Бақытқазықызы мен Сатымбай Еркежан Серікқалиқызы «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы» АҚ базасында «Инфекциялық гепатология» пәні бойынша білім алды. Академиялық ұтқырлық кезеңінде резиденттер Инфекциялық аурулар кафедрасының оқу үдерісіне белсенді қатысып, инфекциялық ауруларды диагностикалау, емдеу және науқастарды жүргізудің заманауи тәсілдерімен танысты, сондай-ақ академияның профессор-оқытушылар құрамымен және резиденттерімен кәсіби тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, резиденттер Шымкент қаласында өткен «Қазақстан Республикасы мен Орталық Азияның өзекті инфекциялары» атты V Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның жұмысына белсенді қатысып, инфектология, эпидемиология және сабақтас медициналық салалардағы заманауи ғылыми жетістіктермен танысты, ғылыми пікірталастарға қатысып, жетекші мамандармен тәжірибе алмасты. Академиялық ұтқырлық болашақ инфекционист дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан Республикасының медициналық жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.