
Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында білім алып жатқан шетелдік студенттерге арналған іс-шара өтті. Онда білім алушыларға еліміздің ішкі және сыртқы тәртіп ережелері мен қауіпсіздік талаптары таныстырылды. Кездесуге құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері арнайы шақырылып, студенттерге түрлі сала бойынша пайдалы ақпараттар ұсынды.
Атап айтқанда, іс-шараға Әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Руслан Ермаханов, Шымкент қалалық полиция департаменті Әл-Фараби ауданы жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дінмұхамед Бекболатұлы, криминалистік полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Абзал Наренбаев, көші-қон қызметі бөлімінің басшысы, подполковник Ержан Сапарбаев, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының тұрғын үй және газ-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Эльмира Хуршидова, сондай-ақ Әл-Фараби аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, аға лейтенант Қалықұл Қуанышов пен офицер Арнат Ушанов қатысты.
Іс-шара барысында сала мамандары шетелдік студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, көші-қон ережелері, тұрмыстық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету тәртібі, газ және электр құралдарын дұрыс пайдалану, тұрғын үй қауіпсіздігі сынды маңызды мәселелер бойынша толық ақпарат берді.
Сонымен қатар, нашақорлық пен зиянды әрекеттердің алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, олардың мазмұны мен мағынасы түсіндірілді. Бұл материалдар білім алушыларға жағымсыз әрекеттерден аулақ болудың маңыздылығын жеткізу мақсатында ұсынылды.
Іс-шара соңында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.