31 мамыр күні Шымкент қаласында кең ауқымды тазалық акциясы ұйымдастырылды. Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында өтті. Акцияға қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелер, жоғары оқу орындары мен түрлі ұйымдардың өкілдері белсене атсалысты. Аталған шараға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының қызметкерлері мен студенттері де үлкен үлес қосты.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты — қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру және еліміздің әрбір азаматының туған жеріне деген сүйіспеншілігін нақты әрекеттер арқылы көрсету. Осы мақсатта өткізілген сенбіліктер мен тазалық жұмыстары қаланың әр ауданында ұйымдастырылып, мыңдаған адам көше мен аулаларды қоқыстан тазартуға қатысты. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы бұл іс-шараға аса белсенділікпен атсалысты. Академияның қызметкерлері мен студенттері өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, қоршаған ортаға жанашыр көзқарастың үлгісін көрсетті. Жастар қолдарына қолғап пен қап алып, жаяу жүргіншілер жолдарын, қоғамдық орындарды, жасыл аймақтарды қоқыстан тазартты.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген тазалық іс-шаралары — еліміздің әрбір тұрғынын табиғатты қорғауға шақыратын маңызды бастама. Шымкент қаласының тұрғындары, соның ішінде ОҚМА ұжымы мен студенттері бұл жолы да белсенділік танытып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау — баршамыздың ортақ борышымыз екенін дәлелдеді. Мұндай іс-шаралар болашақта да жалғасын тауып, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады деп сенеміз.