Войти
🤖 SKMA AI Assistant
Басты бет Академия жаңалықтары Студенттер Президент Жолдауын...
29 қазан 2026
1
0
0

Студенттер Президент Жолдауын тыңдады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының білім алушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын тыңдады. Ел дамуының басым бағыттарын айқындайтын маңызды құжатта инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандардың құрылысын дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Президент өз Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымды дамытуға, елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақсартуға және халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, алдағы кезеңде облыс орталықтарында, аудандар мен елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу және жөндеу жұмыстарын жандандыру қажет. Атап айтқанда, жолдар мен әуежайларды, теміржол вокзалдарын, денсаулық сақтау мекемелерін, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын дамытуға басымдық беріледі.
Сонымен қатар, барлық өңірде шығармашылық орталықтар, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу көзделіп отыр. Тұрғын үй құрылысын дамыту да маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бұл бастамалар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Президент халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін атап өтіп, қолға алынатын жобалардың ел игілігіне, әсіресе өскелең ұрпақтың болашағына қызмет етуі тиіс екенін жеткізді.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының білім алушылары мен денсаулық сақтау саласының мамандары үшін медициналық инфрақұрылымды дамыту, медициналық ұйымдардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мәселелері айрықша маңызға ие.
Ел болашағына бағытталған бастамаларды жүзеге асыру – қоғамның әрбір мүшесіне ортақ міндет. Ал білімді, білікті әрі жауапкершілігі жоғары жас мамандарды даярлау – Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды кепілі.

Пікірлер орны (0)