
2026 жылдың 18 қыркүйегінде «Отбасылық медицина» кафедрасының ұйымдастыруымен кафедра ассистенті Нарзуллаева Динара Сабыржановнаның жетекшілігімен ІТҚ 08-26 тобының дәрігер-интерндері «Санамен серпіл!» ұранымен «Суицидтің алдын - алу» тақырыбында «Кеменгер шәкірт» атындағы жалпы білім беретін мектептің 8-9 сынып оқушыларына танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор дәріс өткізілді.
Іс-шараның мақсаты жасөспірімдер арасындағы психологиялық денсаулықты нығайту, өмірдің құндылығын түсіндіру, қиын жағдайларда көмек сұраудың маңыздылығын жеткізу және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу болды.
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында психологиялық күйзеліс, буллинг, отбасылық қиындықтар, әлеуметтік желілердің әсері сияқты түрлі факторлар эмоционалдық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Осыған байланысты оқушыларға дер кезінде ақпарат беру, сенімді орта қалыптастыру және қолдау көрсету маңызды болып табылады.
Дәріс барысында дәрігер-интерндері суицид ұғымына анықтама беріп, оның алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Суицид – адамның саналы түрде өз өмірін қию әрекеті екендігі айтылып, оның алдын алуға болатыны ерекше атап өтілді.
Дәріс барысында суицидтің алдын алу жолдары ұсынылды:
• Ашық әңгімелесу мәдениетін қалыптастыру;
• Қиындық туындағанда көмек сұраудан ұялмау, ересектерге (мұғалім, ата-ана, психолог) хабарлау қажеттігін ескертті.
• Мектеп психологымен тұрақты байланыста болу;
• Сенім телефондары туралы ақпарат беру;
• Өз-өзіне деген құрметті арттыру жаттығулары.
Іс-шара барысында оқушылармен сенімді, қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыру мақсатында «Шаттық шеңбері» әдісі ұйымдастырылды. Қатысушылар шеңбер құрып, бір-біріне жылы лебіздер мен мотивациялық сөздер айтты. Оқушылар өз ойларын еркін білдіріп, бір-біріне үміт, сенім және қолдау білдіретін жағымды сөздер айтты. Жаттығу барысында оқушылар арасында сенімділік атмосферасы орнап, қатысушылардың белсенділігі мен ашықтығы байқалды. Шаттық шеңбері оқушылардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға, позитивті ойлау дағдыларын дамытуға және қиын жағдайларда бір-біріне тірек болудың маңыздылығын түсінуге ықпал етті.
«Өмір ағашы» атты арт-терапиялық элемент қолданылды. Алдын ала дайындалған плакаттағы ағаш бейнесіне оқушылар өздерінің болашаққа деген тілектерін, армандарын және өмірлік мақсаттарын жазды. Бұл жаттығудың мақсаты – балалардың өмірге деген позитивті көзқарасын қалыптастыру, жеке құндылықтарын айқындауға ықпал ету және болашаққа сенім сезімін арттыру болды. Ағаштың әрбір жапырағына жазылған тілектер оқушылардың ішкі үміті мен өмірге деген құштарлығын бейнеледі. Жаттығу барысында қатысушылар өз армандарымен бөлісіп, бір-бірінің мақсаттарына құрметпен қарап, қолдау көрсетті.
Өткізілген дәріс оқушылар үшін маңызды әрі пайдалы болды. Жасөспірімдерге өмірдің құндылығы, психологиялық денсаулықтың маңызы және қиындықтарды бірлесіп шешу қажеттігі түсіндірілді. Оқушыларға сенім телефондары мен мектеп психологының жұмыс уақыты туралы ақпарат берілді.
Мектеп әкімшілігі дәрігер-интерндерге зор алғыс айтып, алдағы уақытта да осы бағыттағы профилактикалық шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және шығармашылық үйірмелерді дамыту жұмыстары қолға алынбақ.