Бүгінгі таңда еліміздің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл – қоғам дамуын тежейтін, мемлекеттің беделін түсіретін, халықтың билікке деген сенімін әлсірететін қауіпті әлеуметтік дерт. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршамыздың азаматтық борышымыз, ал жастар бұл күрестің алдыңғы шебінде тұруы тиіс. Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 2025 жылғы 30 қыркүйекте Педиатрия-1 кафедрасында студенттер мен кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамының қатысуымен «Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. МАА-11-22 тобының студенті Зейдін Әділет аталғантақырып бойынша баяндама жасады.

Сыбайлас жемқорлық – лауазымды тұлғалардың жеке басының пайдасы үшін өз өкілеттігін және қызметтік жағдайын теріс пайдалануы. Бұл – пара алу, пара беру, қызмет бабын асыра пайдалану, таныстықпен жеңілдік жасау сияқты әрекеттерді қамтиды. Өкінішке қарай, кейбір білім беру ұйымдарында да сыбайлас жемқорлықтың түрлі көріністері кездесіп жатады. Мысалы: емтихан кезінде пара беру немесе алу; бағаны сатып алу; сабаққа қатыспай, “таныстықпен” баға қою; ғылыми жұмыстарды өз бетімен жазбай, сатып алу.
Мұндай әрекеттер жастардың білім сапасына ғана емес, олардың өмірлік ұстанымдарына да кері әсер етеді. Сыбайлас жемқорлыққа барған студент болашақта әділеттілік пен адалдықты емес, жеңіл жолды таңдауға бейім болады.
Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді болуы тиіс. Ол үшін:
1. Адал болу – әр студент өз ісіне жауапкершілікпен қарап, білімді адал жолмен алуы қажет.
2. Заңды білу – әрбір жас заң алдындағы өз құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс.
3. Бейжай қарамау – парақорлық немесе әділетсіздік фактісіне куә болсаң, үнсіз қалмау – азаматтық ұстаным.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – оқу орындарында ашықтықты, әділдікті насихаттау қажет.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әр азаматтың, әсіресе жастардың міндеті. Себебі ел болашағы – жастардың қолында. Егер біз бүгін адал болсақ, ертең әділетті қоғамда өмір сүреміз.