
2026 жылғы 23 қыркүйекте «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы М.Маликовтың ұйымдастыруымен «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс білім алушыларына «Тәуелсіз Қазақстанның келешегі – жас ұрпақтың қолында!» және «Азаматтық құқықтар мен міндеттер» тақырыптарында семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсініктерін кеңейту, сондай-ақ ел болашағына деген жауапкершілік сезімін нығайту.
Семинар барысында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі, мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамның болашағындағы жастардың рөлі туралы маңызды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар білім алушылардың азаматтық құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтау, құқықтық мәдениет, қоғамдық тәртіп және өз құқықтарын жауапкершілікпен пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тренинг барысында білім алушылар пікір алмасып, тақырыпқа байланысты сұрақтарға жауап беріп, түрлі жағдаяттарды талдау арқылы өз көзқарастарын білдірді. Интерактивті тапсырмалар олардың сыни ойлау, пікір білдіру, шешім қабылдау және азаматтық ұстаным қалыптастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында білім алушыларға елдің болашағы білімді, жауапты және белсенді азаматтардың қолында екені атап өтіліп, заңды құрметтеу, өз құқықтары мен міндеттерін білу және қоғам өміріне белсенді араласу әрбір азаматтың маңызды міндеті екені түсіндірілді.
Семинар-тренинг мазмұнды әрі пікір алмасу форматында өтіп, білім алушылардың құқықтық және азаматтық мәдениетін арттыруға бағытталған тәрбиелік маңызы зор іс-шара болды.