
Ағылшын тілі онкүндігі аясында аясында 17.09.2026 күні, Шет тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен ВМ-СҚА-03-26 және ВМ-СҚБ-03-26 топтарының арасында ағылшын тілінен танымдық сайыс өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, үш тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту, сөздік қорын молайту, тапқырлығы мен шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Сонымен қатар сайыс қатысушыларды өзара ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа және мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталды.
Сайыс барысында екі топтың білім алушылары бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылар ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде мақал-мәтелдер айтып, олардың жалғасын тапты, жұмбақтар шешті және берілген тапсырмаларды үш тілде орындады. Сондай-ақ білім алушылар сөздік қорын, жылдам ойлау қабілетін, тапқырлығын және тілдік білімін танытатын түрлі қызықты сайыстарға қатысты.
Әр кезеңде топ мүшелері белсенділік танытып, өзара ұйымшылдық пен жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Қатысушылар тапсырмаларды орындау барысында үш тілді меңгерудің маңызын дәлелдеп, білімдерімен қатар шығармашылық қабілеттерін де ортаға салды.
Іс-шара қызықты әрі тартысты өтіп, білім алушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сайыс қорытындысы бойынша белсенді қатысушылар марапатталып, екі топқа да алғыс білдірілді.
Осындай танымдық іс-шаралар білім алушылардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырып, көптілді ортада еркін қарым-қатынас жасауына және өз қабілеттерін жан-жақты дамытуына мүмкіндік береді.